[1] Жаратқан Ие патшалық құрады, Қуанып шаттансын бүкіл жер шары, Көп аралдар әрі теңіз жағалары!
[2] Бұлт пен түнек — айналасы Оның, Шындық пен әділдік — негізі тағының.
[3] Жаратқанның алдында от жүреді, Айналдыра ол жауларын құртып өртейді.
[4] Найзағайы әлемді жарқыратады, Жер беті соны көріп, шайқалады.
[5] Бүкіл әлемнің Иесінің алдында, Жаратқан Иенің бет-жүзінің алдында, Балауыз іспетті ериді таулар сонда.
[6] Аспан Оның әділдігін паш етеді, Күллі ұлттар ұлылығын көреді.
[7] Жалған тәңірлерімен мақтанғандар Ұялсын, сол мүсіндерге табынғандар. Жаратқанға бас иіңдер, барлық пұттар!
[8] Сион шаһары естіп, шаттанады, Яһуда қалалары да қуанады Сенің шешімдеріңе, о, Жаратушы!
[9] Жоғарысың бүкіл әлемнен, уа, Жаратқан, Үстемсің барлық «тәңір, пір» атаулыдан.
[10] Ей, Жаратқан Иені сүйетіндер, Зұлымдық атаулыны жек көріңдер! Өзіне бағышталғандарды Ол қорғайды, Зұлымдардың қолынан арашалайды.
[11] Әділ адамдарға нұр төгіледі, Ақжүрек жандар шаттыққа кенеледі.
[12] Әділдер, Жаратқанға шаттаныңдар, Қасиетті есімін мадақтаңдар!