Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 3:50

[1] (Ауыртпалық шегіп, әлсіреген жанның Иемізге мұңын шаққан мінажаты.)

[2] Уа, Жаратқан, мінажатымды естіші, Көмек сұраған даусым Саған жетсінші,

[3] Қиын кезде менен сырт айналмашы, Маған құлағыңды түре көрсеңші, Өзіңді шақырсам тез жауап берші.

[4] Күндерім түтіндей лезде жоғалады, Сүйектерім от шоғындай маздап жанады.

[5] Шабылған шөптей қурады жүрегім, Тамақ ішуді де ұмытып келемін,

[6] Қатты қиналып ыңқылдағанымнан Әбден жүдегенмін, құр сүлдерім қалған.

[7] Құла түздегі бірқазанға ұқсаймын, Һәм қираған орындағы жапалақтаймын,

[8] Мен ұйықтай алмай ояу жатырмын, Үй төбесіндегі құстай тым жалғызбын.

[9] Дұшпандарым күнде балағаттайды, Мені мазақтап, атымды қарғайды.

[10] Нан орнына күлмен тамақтанамын, Көз жасымды сусыныма қосамын.

[11] Мұның себебі — ашу-ызаң Сенің, Жоғары көтеріп, мені лақтырған едің.

[12] Кешкі көлеңкедей өтеді күндерім, Қураған шөптей әбден әлсіредім.

[13] Ал Сен, Жаратқан Ие, мәңгі боласың, Бар ұрпақтарға жайылар Сенің даңқың.

[14] Орныңнан тұрып, Сионға рақым етші, Енді уақыт болды, мейірім көрсетші, Соған белгілеген мезгілің жетті.

[15] Құлдарың Сионның тастарын ұнатады, Шаң-тозаңы аяныштарын оятады.

[16] Бар ұлттар дірілдер Жаратқанның атынан, Әлемнің патшалары да Оның даңқынан:

[17] Жаратқан Ие Сионды қайта тұрғызбақ, Өз салтанатымен сонда пайда болмақ,

[18] Мұқтаждың мінажаттарын Ол тыңдайды, Жалыныштарын жауапсыз қалдырмайды.

[19] Болашақ ұрпақтар үшін бұл жазылмақ, Келер буындар Жаратқанды даңқтамақ:

[20] Жаратқан Ие көктен жер бетіне қарады, Киелі үйінен Ол төмен көз тастады,

[21] Тұтқындардың ыңқылдауын есту үшін, Өлімге кесілгендерді азат ету үшін.

[22] Содан Жаратқанның аты Сионда мақталмақ, Даңқы Оның Иерусалимде асырылмақ,

[23] Сонда бар халықтар бұл қалаға жиналар, Патшалықтар Жаратушыға ғибадат қылар.

[24] Өмір жолымда Тәңір мені қалжыратты, Ғұмырымның күндерін Ол қысқартты.

[25] Сонда мен былай дедім Жаратқанға: «Уа, Құдайым менің, жарты жолда Өмірімді көрмеші қысқарта! Сен жасайсың ұрпақтан ұрпаққа,

[26] Жердің негізін салғансың әуел баста, Құдіретіңмен жараттың аспанды да.

[27] Олар құриды, Сен боласың әр уақытта, Киімдей тозады олардың барлығы да, Көйлектей ауыстырасың Сен оларды, Содан олар лақтырылып тасталады.

[28] Ал Өзің өзгермей қалатын боласың, Еш таусылмайды Сенің жасар жылдарың.

[29] Құлдарыңның ұлдары тыныш тұрады, Ұрпақтары көз алдыңда нық болады».

Забур жырлары — Chapters