[1] (Ән-күйдің жетекшісіне арналған Қорах ұрпақтарының насихат жыры.)
[2] Уа, Құдай, Өзіңнің зор құдіретіңмен Ежелде бабалардың заманында істеген Керемет істерің жайлы құлағымызбен Көп естігенбіз әкелерімізден.
[3] Қыңыр ұлттарды Сен елден қуып шықтың, Ал бабаларымызды орнықтырдың. Сол тайпаларды Сен езіп тастадың, Ал бабаларымызды азат қылдың.
[4] Бабалар елді семсерімен басып алған жоқ, Әрі білек күштерімен жеңіп шықкан жоқ, Мұны істеген — Сенің ұлы құдіретің, Һәм бет-жүзіңнің нұры: Сен рақым көрсеттің.
[5] Сен менің Патшам әрі Құдайымсың, Жақыптың халқына құтқарылу сыйлайсың,
[6] Сенімен жауларымызды соққылаймыз, Сенің атыңнан дұшпанды таптаймыз.
[7] Садағыма артпаймын мен сенімімді, Құтқара да алмайды семсерім мені,
[8] Жауларымыздан Сен бізді құтқарасың, Бізді жек көргендерді масқара қыласың.
[9] Күн сайын Құдайды айтып мақтанамыз, Атыңды мәңгілік мадақтайтын боламыз. //
[10] Ал қазір бізді тастап, ұятқа қалдырдың, Сен жасағымызбен бірге аттанбадың,
[11] Жауымыздан қашуға мәжбүр қылдың, Дұшпандарға бізді тонатып қойдың,
[12] Сойылатын қой іспетті бізді тапсырдың, Халықтар арасына шашыраттың,
[13] Өз халқыңды арзанға сатып жібердің, Біздің құнымызды әбден түсірдің.
[14] Көршілерімізге бізді қорлаттың, Маңымыздағыларға мазақтаттың,
[15] Қыңыр ұлттардың қорлауына қалдырдың, Оларға бізді елетпей бас шайқаттың.
[16] Масқарамыз күнде алдымыздан шығады, Халқымыз ұяттан қара бет болады,
[17] Жалақордың ұрысын естіп тұрамыз, Кек алмақ жаудың бетін көріп тұрамыз.
[18] Осының барлығына ұшырадық, Алайда біздер Сені ұмытпадық, Сенің Келісіміңді де бұзбадық.
[19] Жүрегіміз Сенен бас тартқан да жоқ, Аяғымыз жолыңнан тайған да жоқ.
[20] Сонда да Сен бізді талқандап қираттың, Елімізді шибөрінің тұрағы еттің, Ажал қаупін бастарымызға төндірдің.
[21] Егер Құдайымыздың атын ұмытсақ, Бөтен «тәңірге» қол жайып сиынсақ,
[22] Құдай мұны әлде білмес пе еді? Ол жүректің құпияларын да біледі!
[23] Ал Сен үшін жау бізді күнде жоюда, Сойылатын қой деп бізге қарауда.
[24] Уа, Жаратқан, неге «жатырсың ұйқыда»? «Серпіліп», бас көтере гөр бізді қорғауға, Бізден бас тарта көрмеші біржолата!
[25] Неге бізден бет-жүзіңді жасырасың, Қайғы мен жәбірімізді ұмытасың?
[26] Өйткені ажал аузында жандарымыз, Әрі жерге жабысуда тәндеріміз.
[27] Тұрып орныңнан, бізді қолдай гөр, Рақымыңа бола бізді құтқара гөр.