[1] (Құдайдың адамы Мұсаның мінажаты.)
[2] Уа, Ием, атам заманнан бері Өзің Баспанамыз біздің болып келесің.
[3] Жаратылмай-ақ жер мен бүкіл әлем, Таулар жаратылмас бұрын бар боп келген, Мәңгі тірі болатын Құдайсың Сен!
[4] «Қайт, адам баласы!» деп қана айтсаң, Пендені топыраққа айналдырасың.
[5] Ал бір мыңжылдық Сенің көз алдыңда Өте шыққан күн тәрізді қып-қысқа, Иә, түнгі күзеттей шектеулі ғана.
[6] Сен лезде-ақ алып кетесің пендені, Ол бір көрініп, жоқ болар түс секілді, Яки далада өскен шөп тәрізді: Таң ата шықса да көгеріп, Кешке қарай қурап қалады семіп.
[7] Осылай біз жоқ боламыз ашуыңнан, Зәреміз ұшады Сенің қаһарыңнан.
[8] Сен күнәларымызды қойдың алдыңа, Нұрыңда айқын құпияларымыз да.
[9] Өмір бойы бізге қаһарың төнеді, Жылдарымыз күрсінумен бітеді.
[10] Ғұмырымыз жетпіс жасқа созылар, Күш-қуат жетсе, мүмкін, сексен болар, Жақсы кезде де шегеміз бейнет-азап, Ақыры ғайып боламыз, ғұмыр зырлап.
[11] Қаһарыңның күшін кім түсінеді? Соған сай қастерлеу қажет Өзіңді.
[12] Үйрете гөр ғұмырды есептеуді, Содан иемденейік дана жүректі.
[13] Қашан райыңнан қайтасың, уа, Иеміз? Пенделеріңе шапағат тигізе гөр,
[14] Ертеңгісін бізді рақымыңа кенелте бер, Содан әндетіп шаттанайық күллі күндер.
[15] Өткерген ауыр күндерімізге сәйкес, О, Тәңір, бізді шаттыққа кенелте гөр. Азап шеккен көп жылдарымызға сәйкес, Бұдан былай қуанышқа бөлей гөр.
[16] Лайым пенделеріңе, уа, Иеміз, Керемет істеріңді көрсете гөр, Біздің ұрпақтарымызға да әр кез Шексіз ұлылығыңды паш ете гөр.
[17] Құдай Иеміз бізге риза бола көрсін, Қолға алған ісімізді оңғара көрсін. Я, Құдай, ісімізді жарылқай гөр.