[1] (Дәуіттің мадақтау жыры.) Уа, Құдайым, Патшасың, даңқыңды асырамын, Атыңды мәңгілік жоғарылатамын.
[2] Күн сайын Сені дәріптейтін боламын, Атыңды мәңгілік құрмет тұтамын.
[3] Жаратқан Ие ұлы, мадаққа лайықты, Ұлылығын ешкім жете ұғынбайды.
[4] Ұрпақтан ұрпаққа жұрт істеріңді мақтайды, Құдіретті әрекеттеріңді жариялайды,
[5] Сенің керемет ұлы салтанатың Әрі ғажап істерің жайлы толғанамын.
[6] Жұрт айтады айбарлы құдіретіңді, Мен де паш етемін ұлылығыңды,
[7] Бәрі ескереді зор ізгілігіңді, Ән-жырмен дәріптейді әділдігіңді.
[8] Жаратқан мейірбанды да қайырымды, Тез қаһарланбайтын, өте мейірімді!
[9] Жаратқан Ие барлығына ізгілікті, Бүкіл жаратылысына кең пейілді.
[10] Уа, Ием, бар істерің даңқыңды шығарсын, Адал адамдарың да Сені мадақтасын!
[11] Патшалығыңның даңқын олар асырады, Құдіретті істерің туралы айтады,
[12] Осылай адамзатқа құдіретіңді ұқтырсын Әрі Патшалығыңның даңқты ұлылығын.
[13] Патшалығың Сенің мәңгілік болмақ, Ұрпақтан ұрпаққа билігің ұласпақ. Жаратқан бар сөздерін іске асырады, Оның күллі істері де шапағатты.
[14] Сүрініп жатқандарды Жаратқан сүйейді, Еңкейіп жүргендерді көтеріп демейді.
[15] Барлығының көздері бір Өзіңде, Тамақтарын бересің мезгілінде,
[16] Әр тірі жанға қолыңды ашасың, Мархабатпен барлығын тойындырасың.
[17] Жаратқанның бар жолдары әділетті, Иә, Оның күллі істері игілікті:
[18] Иеміз Өзіне сиынғандардың жанында, Ол шынайы шақырғандардың қасында,
[19] Өзін қастерлейтіннің тілегін орындайды, Жалынышын естіп, оны аман сақтайды.
[20] Иеміз Өзін сүйетіндердің бәрін қорғайды, Ал барлық зұлымдарды Ол талқандайды.
[21] Аузыммен Жаратқанның даңқын асырамын, Лайым әрбір жан мақтасын киелі атын!