[1] (Ән-күйдің жетекшісіне арналған, «Құрта көрме» әуенімен айтылатын Дәуіттің мінажаты. Ол Дәуіттің Саулдан қашып, таудағы үңгірді паналағанына арналған.)
[2] Мейірленіп, Құдай, рақым етші маған, Өйткені үмітімді артамын Саған, Пәле-жала өткенше бас сауғалайын, Қанатыңның аясын паналайын.
[3] Сиынып тұрамын Алла Тағалаға, Маған игілік жасаушы Құдайға.
[4] Ол көктен көмек жолдап аман сақтайды, Мені өкшелеп қудалағанды қорлайды. // Иә, Құдай рақымы мен шындығын сыйлайды.
[5] Айналам толы жыртқыш арыстандай, Сол сұмдардың тілдері өткір қылыштай, Тістері де үшкір жебе мен найзадай.
[6] Уа, Құдай, көктен жоғары атың шықсын, Күллі әлемде Сенің даңқың артсын!
[7] Дұшпандарым маған арнап тор құрды, Сондықтан еңсем түсіп, көңілім қалды. Жолыма олар тұзақ құрып, ор қазды, Алайда сол орға өздері құлады. //
[8] Уа, Құдай, жүрегім Саған сенімді, Өзіңе арнаймын мен ән-күйімді.
[9] Жан дүнием, ояншы, сергек болайын, Жетіген мен домбыра, болыңдар дайын, Ән-жырыммен атар таңды оятайын.
[10] Уа, Ием, жұрт алдында Сені мадақтаймын, Ұлттар арасында мақтап жырлаймын.
[11] Себебі берік рақымың заңғар аспандай, Әрі сенімділігің асқар бұлттардай.
[12] Уа, Құдай, көктен жоғары атың шықсын, Күллі әлемде Сенің даңқың артсын!