[1] (Дәуіттің насихат мінажаты.) Уа, Құдайым, сақтай гөр Өзің мені, Баспана етемін жалғыз Сені!
[2] Жаратқанға былай деймін: «Сен Иемсің, Сенен бөлек жоқ ешбір игілігім!»
[3] Ұлы жандар — Саған бағышталғандар, Маған өте ұнайды елде олар.
[4] Ал бөтен тәңірлердің жолын қуғандар: Қасіретке молынан ұшырамақ олар. Тәңірсымақтарға құрбандық шалмаймын, Олардың аттарын аузыма еш алмаймын.
[5] Уа, Ием, маған жар болып келесің, Жарылқап мені амандық бересің, Тағдырым қауіпсіз қолыңда Сенің.
[6] Тамаша — маған тиген үлесім, Қатты ұнайды ғажайып мұрам.
[7] Даңқтаймын ақыл-кеңес берген Иемді, Ұжданым түнде де мені ескертеді.
[8] Ықылас-ниетім әрдайым Иемде, Оң жағымда Ол маған жар боп келеді: Жағдайым шайқалмайды ешбір кезде.
[9] Содан жүрегім шаттыққа толады, Мәз-мейрам болып тілімнен бал тамады, Саған сенгенімнен тәнім тыншиды.
[10] Сен жанымды о дүниеге қимайсың, Қасиетті адамыңның тәнін шірітпейсің.
[11] Шын өмір жолын маған көрсетесің, Көз алдыңда қуанышқа бөлейсің, Оң жағыңда мәңгі игілік бересің.