Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 4:25

[1] Жан-тәніммен Жаратушыны мадақтаймын. Уа, Құдай Ием, Сен керемет ұлысың, Құрмет пен салтанатқа бөленгенсің.

[2] Жарық нұрды Сен шапандай киесің, Аспанды шатырдай жайып жібересің,

[3] Су үстінен «сарайыңды» бекітесің, Бұлттарды Өзің «мінер күймең» етесің, «Желдің қанаттары үстінде» жүресің.

[4] Желді етесің періштелеріңдей, От жалынын да өз нөкерлеріңдей.

[5] Сен жерді берік негізге орнаттың, Ол ешқашан қозғалмайды орнынан.

[6] Терең сумен жерді киімдей жаптың, Тіпті тау бастарын да сумен бастың.

[7] Берген бұйрығыңнан кейін сулар безді, Күркіреген үніңнен олар дереу шегінді,

[8] Таулардан асып, аңғарларға түсті, Белгілеген жеріңе қарай ағып кетті.

[9] Сен суларға сонда берік шек қойдың, Су енді қайтып жерді жаппастай қылдың.

[10] Сен сайларға ағызасың бұлақтарды, Өзендер тау арасымен құйылады,

[11] Дала аңдарын олар суға қандырады, Құландар да одан шөлін басады.

[12] Құстар су жағасына ұя салады, Бұтақтар арасынан ән айтады.

[13] Заңғар мекеніңнен тауды суғарасың, Ісіңнің жемісімен жерді толтырасың,

[14] Топырақтан мал азығына шөп өсіресің, Адамға ас болуға дақылдар еккізесің,

[15] Пенденің жүрегін қуантар шарапты да, Бетті жылтыратар зәйтүн майын да, Денеге күш-қуат берер нанды да.

[16] Суға қанығады Жаратқанның ағаштары, Өзі өсірген Ливан самырсындары.

[17] Құстар соларға ұяларын салады, Шыршалар ләйлектің мекені болады,

[18] Таутекенің тұрағы — зәулім шыңдар, Таутышқанның панасы да — құз, жартастар.

[19] Мезгілді белгілеуге жараттың айды, Күн де біледі қай уақытта батуды.

[20] Сен қараңғылық жайғанда түн болады, Орманның аңдары кезіп сандалады,

[21] Жас арыстандар ақырып олжа аңсайды, Құдайдан өздеріне азық сұрайды.

[22] Күн шыға олар бұғып кері қайтады, Апандарына еніп, тынығып жатады.

[23] Адамдар сол кезде жұмысқа шығады, Кеш түскенше еңбекпен айналысады.

[24] Сенің істерің қандай көп, Жаратқан Ием! Сен жасадың барлығын да даналықпен, Жер толған Өзіңнің жаратқандарыңмен.

[25] Міне, тағы ұлан-ғайыр теңіз де бар, Құжынар сансыз үлкен-кіші хайуандар,

[26] Теңізде жүзеді кемелер, қайықтар, Сен онда ойнауға жаратқан дәу балықтар.

[27] Өзіңнен күткендері бәрінің де — Сенің тамақ беруің мезгілінде.

[28] Азығын берсең олар жинап алар, Қолыңды ашсаң игілікке тойынар.

[29] Ал бет-жүзіңді жасырсаң әбігерге қалар, Жанын алсаң өліп, топыраққа айналар.

[30] Рухыңның лебін жіберіп, өмір жаратасың, Жер бетін қайтадан толтырып, жаңартасың.

[31] Жаратқанның ұлылығы мәңгі мадақталсын, Иеміз өз істеріне әрдайым шаттансын.

[32] Ол жер бетіне көз салса шайқалады, Тауларға қол тигізсе түтін шығады.

[33] Өмір бойы Жаратқанға ән саламын, Дем біткенше Құдайыма жыр айтамын,

[34] Ой толғанысым Оған ұнамды болсын, Жаратқан Иеме ұдайы шаттанамын.

[35] Күнәкарлар жер бетінен аласталсын, Әділетсіздер енді қайтып болмасын. Жан-тәніммен Жаратушыны мақтаймын. Жаратқан Иемізді мадақтаңдар әрдайым!

Забур жырлары — Chapters