Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 1:38

[1] (Ән-күйдің жетекшісіне арналған Қорахтың ұрпақтарының жыры.)

[2] Уа, Ием, Сен еліңе рақымды болдың, Жақыптың ұрпағын тұтқыннан қайтардың.

[3] Халқыңның кінәсіне кешірім жасадың, Барлық күнәларын да жауып тастадың. //

[4] Сонда Сен ашу-ызаңды түгел бастың, Жалындаған қаһарыңнан бас тарттың.

[5] Құтқарушымыз Құдай, қалпымызға келтірші, Бізге деген наразылығыңды бәсеңдетші.

[6] Әлде мәңгі бізге қаһарлана бермекпісің, Ұрпақтан ұрпаққа ашуыңды төкпекпісің?

[7] Өз халқыңның Саған шаттануы үшін Өмірімізді қайтадан жаңартпаймысың?

[8] Бізге тұрақты рақымыңды таныта көрші, Уа, Жаратқан, пәледен құтқара көрші.

[9] Құлақ түремін Құдай Иенің айтарына, Тыныштықты уәде етеді Ол өз халқына — Таңдап алған өз адал адамдарына, Халық тек қайтпаса ақымақтық жасауына!

[10] Сөз жоқ, Өзін қастерлейтін жандарды Құдай жақында құтқаратын болады, Осылайша Оның даңқты ұлылығы Елімізге орнығатын болады.

[11] Сонда рақым мен шындық бірге кездеседі, Әділдік пен татулық бір-біріне сәйкес келеді.

[12] Адалдық жер бетінен көктеп шығады, Әділдік көктен төмен қарап тұрады.

[13] Шынымен Жаратқан Ие игілік сыйламақ, Содан жеріміз бізге өнімін ұсынбақ,

[14] Жаратқанның алдынан әділдік жүрмек, Оның жүретін жолдарын дайындап бермек.

Забур жырлары — Chapters