[1] (Бунямин руынан шыққан Құштың қылығы туралы Дәуіттің Жаратқан Иеге айтқан әні. Екпінді әуенмен айтылады.)
[2] Уа, Құдай Ием, Сенен пана табам, Арашалай гөр мені қуғыншыларымнан.
[3] Құтқарушым жоқ, жау мені быт-шыт қылады, Арыстандай паршалап, дал-дұлымды шығарады.
[4] Уа, Құдай Ием, егер күнә істеген болсам, Яки қолыммен қылмыс жасаған болсам,
[5] Бейбіт жолдасыма сатқындық жасаған Не дұшпанымды болсам себепсіз тонаған,
[6] Онда жаулар мені қуып, ұстап алсын, Жанымды аяғымен жерге таптасын, Абыройымды топыраққа былғасын.
[7] Уа, Жаратқан, қаһарлана көтеріле гөр, Жауларымның долдануына қарсы шыға гөр, Өзің бұйырғандай әділдік орната гөр, Мен үшін ендеше әрекеттене гөр.
[8] Жиналып тұрсын халықтар айналаңа, Биіктен билік құршы қайтадан оларға.
[9] Уа, Жаратқан, Сен халықтарды соттайсың, Мені ақтай гөр, Ием, әділ де адалмын.
[10] Әділ Құдайым, жан дүниемізді сынайсың, Енді доғартсаңшы зұлымдардың сұмдығын, Әрі нығайтсаңшы әділдердің қорғанышын.
[11] Алла Тағала мені қалқандай қорғайды, Шын жүректен адалды Ол аман сақтайды,
[12] Құдай мәңгі әділ соттаушы болады, Тәңір күнде зұлымдарға ашуланады.
[13] Егер адам бас тартпаса күнәсінен, Онда Құдай қайрайды өткір семсерін, Керіп, кезеніп дайындайды садағын,
[14] Отқа қыздырады үшкір жебелерін, Сөйтіп даярлайды өлтіргіш қаруларын.
[15] Міне, арамза адам зұлымдық ойлайды, Жан дүниесінде ол пәлені сақтайды, Содан өтіріктері оның туындайды.
[16] Ол ор қазып, соны тереңдетіп дайындайды, Алайда сол тұзағына өзі кейін құлайды.
[17] Осылай зұлымдығы өз басына келеді, Жауыздығы өзінің төбесіне түседі.
[18] Жаратқанның әділдігін мадақтаймын, Алла Тағаланың есімін жырлаймын.