[1] (Дәуіттің жыры.) Менімен ерегісіп келгендермен Сен Өзің ерегісе гөр, уа, Ием. Маған қарсы күресіп келгендермен Сен Өзің күресе гөр, уа, Ием.
[2] Сауыт киіп, қалқаныңды қолыңа алшы, Мені қолдап айқасуға дайындалшы.
[3] Семсер суырып, қуғыншыларды бөгеші, «Мен Құтқарушыңмын!» деп жаныма жігер берші.
[4] Жанымды алмақ жаулар ұятқа қалсын, Мені құртуға әрекет еткендер жасырын Енді кері қайтып, әбден масқаралансын!
[5] Олар жел өтіндегі қауыздай шашырасын, Жаратқанның періштесі айдап шықсын,
[6] Жолдары қараңғы да тайғақ болсын, Иә, Жаратқанның періштесі қуғындасын!
[7] Өйткені олар жазықсыз маған тор құрды, Еш айыпсыз маған арнап ор қазды.
[8] Сондықтан оларға кенет ажал жетсін, Маған құрған торына өздері түссін, Осылайша өз бастары құрып кетсін.
[9] Сонда мен Жаратқанға шаттанамын, Мені құтқарған Иеме қуанамын,
[10] Жан-тәніммен Оны былай деп мақтаймын: «Күшсіз жанды күштіден қорғайтын, Бейшара кедейді тонаушыдан сақтайтын Саған кім тең келер, уа, Жаратқаным?»
[11] Ал мені айыптайды жалған куәлар, Мен білмейтін жайттарды тергеп сұрар.
[12] Жақсылығыма жамандықпен қайтарар, Жан дүниемді қаңыратып бос қалдырар.
[13] Ал олар ауырған кезде мен де қайғырдым, Ораза ұстап жанымды қалжыраттым, Жаратқанға олар үшін жалбарындым. Жауапсыз қайтқанда сол мінажатым,
[14] Олар үшін дос-жарандай қамықтым, Анамды жоқтағандай бас иіп қайғырдым.
[15] Алайда мен сүрінгенде олар қуанды, Айыптауға маған қарсы жиналды, Бейхабар мені үздіксіз даттады,
[16] Арсыз мазақтаушылармен бас қосты, Маған қарсы тістерін қайрап бақты.
[17] Уа, Жаратқан, бұған төзесің қашанғы? Сол «кәрлі арыстандардан» жалғыз жанымды Құтқаршы, һәм зұлымдықтарынан ғұмырымды.
[18] Мен үлкен жиында Сені даңқтаймын, Көп халықтың алдында Сені мақтаймын.
[19] Себепсіз жауым болған жандар қуанбасын, Кінәсіз мені жек көргендер табаламасын!
[20] Татулық сөзін олар еш қозғамайды, Елдегі бейбіт жұртқа сұмдық жоспарлайды.
[21] Арандарын кең ашып маған мін тағады: «Рас, біз сенің жамандық жасағаныңды Өз көзімізбен көрдік» деп айыптайды.
[22] Уа, Жаратқан, мұны көрдің, үнсіз қалма, О, Ием, Сен менен еш қашықтама,
[23] Тұрып, мені қорғауға ұмтыла гөр, Уа, Ием, Құдайым, мүддемді қорғай гөр,
[24] Әділдігіңе сай мені ақтай гөр, Уа, Құдай Ием, табаламасын олар!
[25] «Жақсы екен бұл, дәл көңілдегідей, Енді оны жеп құртамыз тірідей!» Деп ойлай алмасын сол зұлым жандар.
[26] Менің мүшкіл халіме қуанғандар Бәрі ұятқа қалып, масқаралансын, Өздерін менен тым жоғары қойғандар Қара бет болып, ұятқа орансын.
[27] Ал қалағандар ақталуымды менің Шаттана дауыстап қуанышқа кенелсін. «Қызметшісіне амандығын сүйсіне сыйлаған Жаратқан Иеміз мадақталсын әрқашан!» Деп дәріптей берсін олар тоқтамастан.
[28] Күн сайын мен де Сені мақтап дәріптеймін, Әділдігіңді бар халыққа паш етемін.