[1] Шырқаңдар жаңа ән Жаратқан Иеге, Күллі әлем, ән-жыр айтыңдар Иемізге!
[2] Ән салып Оның есімін мадақтаңдар, Бізді құтқарғанын күн сайын хабарлаңдар,
[3] Халықтарға паш етіп Оның ұлылығын, Бар ұлттарға Иеміздің кереметтерін!
[4] Иеміз ұлы, мадақталуға әбден лайықты, Оны қастерлеу қажет бар «тәңір, пірден» гөрі.
[5] Өзге ұлттар табынған «тәңірлер» жалған, Ал Жасаған Ие аспанды жаратқан!
[6] Сән-салтанат, ұлылық Оның алдында, Құдірет пен әсемдік киелі тұрағында.
[7] Жаратқанның ұлылығы мен күш-қуатын Мойындаңдар, уа, рулары күллі ұлттардың,
[8] Жаратқанның есімін даңқтап қадірлеңдер, Оның аулаларына сый-тарту әкеліңдер,
[9] Қасиетті салтанатына бөленіңдер, Жаратқан Иеге бағынып бас иіңдер, Оның алдында дірілдеп дәріпте, бүкіл жер!
[10] Бар ұлттарға мынаны паш етіңдер: «Жаратқан Иеміз патшалық жүргізер!» Әлем берік орнатылды, орнынан қозғалмайды, Иеміз ұлттарды әділдікпен соттайды.
[11] Заңғар көк шаттансын, жер де қатты қуансын, Теңіз бен ондағылар бәрі шуылдасын,
[12] Дала мен ондағылар жырлап шаттансын, Бар орман ағаштары қуана ән салсын,
[13] Келе жатқан Жаратқан Иенің алдынан шықсын! Себебі Ол келіп, жерге сот құрады, Әлемге әділдікпен үкім шығарады, Ұлттарға адалдығымен билік айтады.