[1] (Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің жыры.)
[2] Жарлының қамын ойлайтын жан бақытты! Ауыр күнде Иеміз оны құтқарады,
[3] Әрі қорғап, өмірін аман сақтайды, Жаратқан оны елде жарылқайды, Жауларының еркіне беріп қоймайды.
[4] Ауырса ол, Иеміз оған күш береді, Төсектегі оның халін түзетеді.
[5] Иеме былай деп мінажат еттім: «Рақымды бола гөр, уа, Жаратқан Ием, Саған қарсы күнә жасаған едім, Сауықтыра гөр жан дүниемді менің!»
[6] Дұшпандарым жамандап былай дейді: «Қашан анау өліп, аты өшеді?»
[7] Біреуі маған кіріп-шықса, жалған сөйлейді, Шынымен ол тек өсек-аяң жинайды, Барған жерлерінде сонысын жаяды.
[8] Мені жек көргендердің барлығы Өзара маған қарсы сыбырласады, Былай деп жамандық ойластырады:
[9] «Қатерлі ауру жабысыпты оған, Ол мәңгі тұрмайды жатқан орнынан!»
[10] Тіпті дастарқандас боп нанымды жеген Сырлас досым, өзім толықтай сенген, Енді мені теуіп жіберу үшін Маған қарсы көтерді өз өкшесін.
[11] Ал Сен, уа, Ием, рақымды бола гөр, Сауықтырып орнымнан тұрғыза гөр, Оларға лайықтысын қайтарайын.
[12] Жауымның мені жеңіп шықпағанынан Ұғамын Сенің риза екеніңді маған.
[13] Адал жүрген мені аман сақтайсың, Көз алдыңа мәңгі орнатқызасың.
[14] Исраил сиынатын Құдай Ие Мадақтала берсін мәңгілікке! Аумин, иә, аумин.