[1] (Дәуіттің насихат жыры. Оның үңгірде жасырынған кезіне арналған мінажаты.) Жаратқан Иені дауыстап шақырдым, Қатты дауыспен Иеме жалындым.
[2] Оның алдында тілегімді ақтардым, Қасіретімді Оған түгел аштым.
[3] Рухым қажығанда Сен білесің жолымды, Ал маған байқатпай жауларым торлар құрды.
[4] Көмек күтіп оң жағыма қараймын, Мені ойлаған ешкім жоқ деп байқаймын. Жер қалмады енді маған пана болар, Ешкімім жоқ жанымның қамын ойлар.
[5] Саған былай деп дауыстап сиынамын: «Уа, Жаратқан Ие, Сен менің баспанамсың, Бұ дүниеде маған жар тек Өзіңсің.
[6] Зар жылаған даусыма құлақ салшы, Өйткені мен әлсіредім тым қатты, Қуғындаған дұшпандардан құтқаршы, Менікінен тым басым күш-қуаттары.
[7] Тас түнектен алып шықшы жанымды, Мадақтауым үшін Сенің атыңды. Әділдер сонда қасыма жиналады, Себебі Маған көрсеттің Сен рақымыңды».