[1] (Басына түскен жағдайын Құдайдың есіне салған Дәуіттің жыры.)
[2] Уа, Жаратқан, қаһарланып сөге көрме, Ашуланып мені жазалай көрме.
[3] Өзің атқан жебелерің денеме кірді, Қолың зілдей басты менің үстімді.
[4] Қаһарыңнан денемде сау жерім жоқ, Күнәмнан жан-тәнімде тыныштық жоқ.
[5] Істеген күнәларым басымнан асты, Ауыр жүктей денемді жерге жанышты.
[6] Ақымақ істерімнің кесірінен Жараларым іріңдеп, иістенген,
[7] Иіліп кеттім тұла бойым бүгіліп, Күні бойы жүремін қайғы шегіп.
[8] Белім менің ісіп кетіп қабынған, Денемде сау жерім жоқ ауырмаған.
[9] Әбден әлсіреп, шалдығып-шаршаймын, Жан азабынан қатты ыңқылдаймын.
[10] Уа, Ием, Саған аян барлық қалауым, Құпия емес Саған ыңқылдауым,
[11] Жүрегім аласұрып, құрыды қуатым, Көз жанарым суалып, қашты нұрым.
[12] Дос-жарандарым жарамнан қашқақтап, Жақын туыстарым да тұр алшақтап.
[13] Жанымды алмақ жаулар тұзақ құрады, Дұшпандар ажалым туралы айтады, Күн сайын қастық жайлы ақылдасады.
[14] Ал мен саңыраудай құлақ аспаймын, Мылқау сияқты жағымды ашпаймын,
[15] Осылай құлағы естімес адамдаймын, Аузынан жауап шықпас мылқаудаймын.
[16] Өйткені, Жаратқан Ие, Өзіңе сенем, Сен жауап бересің, уа, Құдай Ием.
[17] Сонда мен былай деп ойлаған едім: Дұшпандарым мені табаламасын, Сүрініп құласам, олар паңданбасын.
[18] Себебі жақын қалдым мен құлауға, Азабым әрдайым көз алдымда.
[19] Әділетсіз ісімді мойындаймын, Жасаған күнәма қайғырудамын.
[20] Ал көп жауларым сергек жүріп күшеюде, Себепсіз мені жек көретіндер көбеюде,
[21] Жақсылығыма олар жамандық қайырады, Ізгі жолмен жүргеніме қарсы шығады.
[22] Уа, Ием, мені жалғыз тастай көрме, О, Құдайым, менен алыстай көрме.
[23] Асыға гөр маған көмек беруге, Құтқарушым менің, уа, Жаратқан Ие.