Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 2:07

[1] (Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің әні әрі жыры.)

[2] Сионда Саған, Құдай, мақтау арналады, Өзіңе берілген анттар орындалады,

[3] Мінажаттар құлағыңа жетеді, Барлық адамдар алдыңа келеді.

[4] Теріс істеріміз жаншып тұр бізді. Ал Сен кешіресің күнәларымызды.

[5] Қандай бақытты — Өзің таңдағандар, Қасыңда, аулаларыңда тұрады олар, Сонда кенелеміз үйіңнің жақсылығына, Киелі ғибадатханаңның рақатына.

[6] Құдай, құлақ саласың әділдікпен, Бізді құтқарасың керемет істермен. Саған үміт артады жер шетіндегілер Және алыс теңіздегі кемешілер.

[7] Сен құдіретіңмен тауларды орнаттың, Күш-қуатқа бөленіп, беліңді будың.

[8] Теңіз толқынының гүрілін тыншыттың, Халықтардың шуылын тыныштандырдың.

[9] Кереметтеріңе таңғалар алыс елдер, Шығыс пен батысқа айтқызасың әндер.

[10] Сен жерді баптап суарып, құнартасың, Уа, Құдай, халықты нанға тойдыру үшін Өзендеріңді суға толтырасың, Жерді Өзің солай дайындайсың.

[11] Соқаның іздерін суға қандырасың, Топырақ кесектерін тегіс қыласың, Құйылған нөсермен оларды жұмсартасың, Өсіп шыққан өнімдерін жарылқайсың.

[12] Солай жылды игілікке бөлейсің, Қайда жүрсең де молшылық бересің,

[13] Иен даланың жайылымдары суланған, Қыраттар құлпырып қуаныш жамылған,

[14] Жайылым қора-қора малға толып, Алқаптар егінменен жайқалып, Бәрі қуана айқайлайды ән салып.

Забур жырлары — Chapters