[1] (Дәуіттің мінажаты.) Уа, Ием, әділ өтінішімді ести гөр, Жалынған дауысыма көңіл бөле гөр, Шынайы мінажатыма құлақ түрші,
[2] Сен Өзің мені тексеріп, ақтай көрші, Ісімнің әділдігіне көз сала көрші.
[3] Жүрегімді зерттеп, түнде де мені сынадың, Тәптіштеп тексерсең де, еш нәрсе таппадың. Жалғандық айтудан ойланып сақтанам,
[4] Іс-әрекетімде сөздеріңе бағынам, Аулақ жүріп келем зорлықшының жолынан.
[5] Ізіңмен Сенің берік жүрді қадамдарым, Ақ жолыңнан тайып кетпеді аяқтарым.
[6] Уа, Құдайым, Саған дұға етемін, Себебі Сен маған жауап бересің, Қазір де құлақ түрші сөзіме менің,
[7] Көрсетші сондай керемет рақымыңды, Жауларынан Өзіңді паналаған жандарды Құтқарасың ғой қолданып қуатыңды.
[8] Көз қарашығыңдай мені сақтай көрші, «Қанатыңның астында» тасалай көрші.
[9] Бас салған зұлымдардан мені қорғай гөр, Қоршаған жан алғыштардан сақтай гөр.
[10] Жүректерінде жоқ мейірімділік, Ауыздарынан шыққандары — менмендік.
[11] Соңымнан қуып олар қоршап алады, Жерге ұрып-соғу үшін қарайды қырағы,
[12] Олжасын паршалауды аңсаған арыстандай, Тасада аңдып тұрған мықты арыстандай.
[13] Уа, Жаратқан Ие, енді көтеріле гөр, Қарсы шығып, бұл жауларды құлата гөр, Зұлымнан мені семсеріңмен құтқара гөр!
[14] О, Ием, күшті қолыңмен аман сақтай гөр, Жау тек осы дүниелік пайданы іздеп жүр. Жоғары бағалаған жандарыңды тоқ қыласың, Олардың балаларын да тойындырасың, Ұрпақтарына да жетер артып сыйлағаның.
[15] Мен адал жүріп, бет-жүзіңді көремін, Оянып, көрінісіңе қарап сүйсінемін.