[1] (Дәуіттің жыры.) Уа, Жаратқан Ием, дұғама құлақ салшы, Сенімдісің Сен, өтінішімді тыңдашы, Әділдігіңе сай маған жауап қатшы.
[2] Тергеп соттай көрме мені, қызметшіңмін, Мінсіз жан болмайды алдыңда Сенің.
[3] Дұшпаным өкшелеп қуғындайды, Жерге жығып жанымды таптайды, Мені көрде жатқан сүйектей етті, Түнекте тұруға мәжбүрледі.
[4] Көңілім жабырқаңқы, рухым түсті, Қорқыныштан менің үрейім ұшты.
[5] Ежелгі кереметтеріңнің барлығын Еске алып, ойланып-толғанамын, Қолыңның істерін ақылға саламын,
[6] Өзіңе қарай қолдарымды жаямын: Кепкен топырақ жаңбырды тілейді, Жан дүнием де Сені аңсап шөліркейді. //
[7] Тез құлақ түре гөр, жаным күйреді, Ием, кері бұрмашы менен бетіңді, Әйтпесе боламын көрге түскен секілді.
[8] Таң ата маған естіртші мейіріміңді, Өйткені Өзіңе артамын сенімімді, Көрсетші Маған қай жолмен жүретінімді, Себебі Саған бағыштаймын өмірімді.
[9] Уа, Жаратқан, жауларымнан құтқара гөр, Сені паналаймын, мені қорғай гөр,
[10] Өз еркіңді орындауға үйрете гөр. Өйткені сенім артқан Құдайымсың, Сенің игілікті Киелі Рухың Түзу жолмен мені жетелей көрсін.
[11] О, Ием, ұлы атың үшін жанымды сақтай гөр, Әділдігің үшін қиындықтан құтқара гөр,
[12] Рақымыңа бола бар жауларымды жоя гөр, Қызметшіңмін, қанаушыларымды құрта гөр.