Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 1:33

[1] (Дәуіттің жыры.) Жер жүзі мен ондағының бәрі Жаратқандікі, Бұл дүние мен онда тұрғандар түгел Онікі,

[2] Жердің негізін Ол теңіздің түбіне орнатты, Ағындардың үстінен берік етіп нығайтты.

[3] Жаратқанның тауына кімнің шығуына болады, Оның киелі орнында кімнің тұруына болады?

[4] Бұл тек қолы мен жүрегі таза жанға болады, Жат тәңірге табынбай, жалған айтпайтынға болады.

[5] Осындай жанды Жаратқан Ие жарылқайды, Құтқарушы Құдай оны рақыммен ақтайды.

[6] Уа, Құдай, тек бұлар Сенің алдыңа барады, Жақып сиынған Құдай, олар Саған бет бұрады.

[7] Ей, көне қақпалар, айқара ашылыңдар, Ежелгі есіктер, кеңінен ашылыңдар, Кіре алсын даңққа бөленген Патша!

[8] Кім екен осы даңққа бөленген Патша? Ол — құдіреті күшті Жаратқан Ие, Шайқаста құдіретті Жаратқан Ие!

[9] Ей, көне қақпалар, айқара ашылыңдар, Ежелгі есіктер, кеңінен ашылыңдар!

[10] Кім екен осы даңққа бөленген Патша? Әлемнің Иесі, Сол — даңқталған Патша! //

Забур жырлары — Chapters