[1] (Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің жыры.)
[2] Нық сүйеніп келемін Жаратқан Иеме, Бұрылып, құлақ түрді Ол өтінішіме.
[3] Жаратқан Ием қорқынышты шұңқырдан Мені тартып шығарды әрі батпақтан; Дәу тастың үстіне тұрғызды аяғымды, Нық, қауіпсіз қылды қадамдарымды.
[4] Ол жаңа ән-жырды маған айтқызды, Мадақтаймын әрдайым Құдайымызды. Мұны көрген көпшілік Жаратқанды Қастерлеп, Оған сенімін артады.
[5] Менмендердің қолдауын сұрамайтын, Жалғанға сүйенгендерге бет бұрмайтын, Қайта, тек Жаратқанға сенімін артқан Әркім — өмір бақи қандай бақытты жан!
[6] Уа, Құдай Ием, көп керемет жасадың, Біздің игілігімізді Сен ойлап тұрсың. Игі істеріңді айтуға тырыссам, Көптігі сонша, санауға жетпейді сан: Саған тең келе алмас бірде-бір жан!
[7] Құрбандықтар мен сый-тартуларды қаламадың, Бірақ маған Өзіңе құлақ салғыздың. Шалып, өртелетін не күнәнің құнын Өтейтін құрбандықтарды талап қылмадың.
[8] Сонда мен былай дедім: «Міне, келе жатырмын, Шиыршық кітапта мен туралы жазылған:
[9] Сенің еркіңді орындауға құштармын, Уа, Құдайым, жүрегімде Сенің тағылымың».
[10] Үлкен жиында әділдікті уағыздадым, Ием, Сен білесің, мен үнсіз қалмадым,
[11] Іште жасырмадым әділ хабарыңды: Сенімділігің мен құтқаруыңды, Рақымың мен ақиқатыңды Өзіңнің Үлкен жиналыста айтпай кетпедім.
[12] Мені мейіріміңнен айырмашы, о, Ием, Рақым мен шындығың мені қорғасын лайым.
[13] Сансыз пәлелер маған жан-жақтан лап берді, Жасаған күнәларым мені қуып жетті, Соларға бола жолымды көре алмаймын. Басымдағы шашымнан көп саны олардың, Содан үмітім үзіліп, жүрексіз болдым.
[14] Уа, Ием, рақым етіп мені құтқара гөр, Маған көмекке тездетіп келе гөр.
[15] Жанымды алмақ болған бар жауларым Таңдана абыржып, ұятқа қалсын, Маған пәле тілеген бар дұшпандарым Масқараланып кері қайтарылсын!
[16] «Өзіңе де сол керек!» деп табалаған Олар қатты ұялып, таңғалсын соған.
[17] Бірақ бет бұрып сиынғандар Саған Өзіңе қуана берсін шат-шадыман, Лайым құтқаруыңды ұнатқан әркім: «Иеміз даңқты!» деп Сені дәріптесін!
[18] Ал мен жарлымын, мұқтаждықта жүрмін, Уа, Ием, Сен жағдайымды ойлайсың. Қолдаушым да құтқарушым Өзіңсің, Кешіге көрмеші, о, Құдайым менің.