[1] (Ән-күйдің жетекшісіне арналған, «Таң атқандағы жәрдем» әуенімен айтылатын Дәуіттің жыры.)
[2] О, Құдайым, Құдайым менің! Неліктен мені жалғыз қалдырдың? Айқайлаған даусыма құлақ салмайсың, Мені құтқарудан неге алшақсың?
[3] Құдайым, күндіз шақырсам, жауап қатпайсың, Түнде де айқайлап, тыным таппаймын.
[4] Бірақ Сен киелісің, Исраил халқың Сені мадақтайтын тағыңда отырасың.
[5] Ата-бабамыз Өзіңе иланып жүрді, Сөзіңе сенді, Сен де азат еттің.
[6] Саған сиынып, олар құтқарылды, Өзіңе сеніп ұятқа қалмады.
[7] Ал мен адам емес, құрт іспетті қуатсызбын, Жұрт ұрсып, елемейді мені халқым,
[8] Көргендердің бәрі келекелейді, Басын шайқап, балағаттап былай дейді:
[9] «Ол Жаратқанға үмітін артқан екен, Сол оны аман қалдырсын пәледен! Жаратқан Ие разы болса оған, Құтқарып алсын оны қиындықтан!»
[10] Ал мені ана құрсағынан Сен шығардың, Жас кезімнен Өзіңе иландырдың,
[11] Туғаннан-ақ қолдауыңа мұқтажбын, Өмір бойы Сенсің Құдайым менің,
[12] Енді алыстай көрме менен Өзің. Себебі азап-бейнет қалды таяп, Қол ұшын берерім жоқ мені аяп.
[13] Сүзеген бұқадай жау алды қоршап, Башандық бұқадай жан-жақтан қыспақтап,
[14] Ақырған арыстандай жемге құмартып, Аранын ашады, маған қарсы шығып.
[15] Күшім судай төгіліп, таусылды құрғап, Сүйектерім буынынан қалды босап. Кеудемде жүрегім балауыз құсап Әбден балқып, елжіреп кетті босап.
[16] Қыш құмыраның сынығына ұқсап Күшімнен айырылып қалдым қурап, Тілім қалды таңдайыма жабысып, Өлім топырағына бердің мені қиып!
[17] Төбеттердей жан-жақтан қыспақтады Сол жауыздар, лек-легімен қоршап алды, Аяқ-қолымды түйреп жаралады!
[18] Сүйектерімді шыға алам санап, Ал халық тұр маған қадала қарап.
[19] Жау жамылғымды бөлісіп алады, Киімім үшін жеребе салады.
[20] Уа, Ием, Сен менен алшақтай көрме, Күшім менің, тез келе гөр көмекке,
[21] Өмірімді аман сақтап семсерден, Құтқара гөр «төбеттердің» күшінен!
[22] Құлақ сап, құтқара гөр «арыстанның Араны» мен «мүйізінен бұқаның».
[23] Атыңды бауырларыма білдіремін, Қауым жиынында Сені дәріптеймін:
[24] «Ей, Жаратқанды терең қастерлейтіндер, Оны әрдайым мадақтай беріңдер! Ей, Жақыптың бүкіл үрім-бұтағы, Жаратқанды ұдайы дәріптеңдер, Иә, Исраилдің бар ұрпақтары, Иемізді құрметтей беріңдер!
[25] Жарлының азабынан Ол жиренген жоқ, Құдай бет-жүзін одан жасырған жоқ, Қайта, құлақ салды шақырған даусына».
[26] Сені мадақтаймын үлкен жиында, Уәдемді орындап халқыңның алдында,
[27] Жарлылар мейрамдап, тойынады да. Құдайға сиынғандар мақтау айтсын — Лайым жандарың аман-есен болсын!
[28] Жер шетіндегілер де мұны ескереді, Жаратқан Иеге бет бұрып дұға етеді, Бар ұлттардың әулеттері бас иеді,
[29] Себебі билік Жаратқанның қолында, Ұлттардың Иесі Сол болып қалады да!
[30] Жердің бар байлары тойына қатыспақ, Жаратқанның аяғына жығылып сиынбақ, О дүниеге аттанатын жандар — Өмірі өткінші бүкіл адамдар Оның алдында тізерлеп иілмек.
[31] Келер ұрпақтар Оған қызмет етпек, Барлығы Иеміз туралы естімек,
[32] Содан Оның әділдігін дәріптеп, Жаңа туған халыққа да паш етпек. Себебі Құдай мұны бітірді Өзі істеп.