[1] Жаратқан Ие ізгі, мадақтаңдар Оны, Мәңгіге ұласады берік рақымы!
[2] «Мәңгіге ұласады берік рақымы!» Деп жарияласын Исраил халқы.
[3] «Мәңгіге ұласады берік рақымы!» Деп мойындасын Һаронның ұрпақтары.
[4] «Мәңгіге ұласады берік рақымы!» Десін Иемізді қастерлейтін барлығы.
[5] Мүшкіл халімде шақырдым Жаратқанды, Ол жауап беріп, мені азат етіп алды.
[6] Ием маған жар, қорықпаймын ешбір жайттан, Не істей алады адам баласы маған?
[7] Ием маған жар, Ол — Қолдаушым менің, Жаудың жеңілісін әлі де көремін.
[8] Адам баласына сенім артқаннан гөрі Жаратқан Иені паналау сондай игі!
[9] Әмірші, әкімдерге сенім артқаннан гөрі Жаратқан Иені паналау сондай игі!
[10] Барлық ұлттар айнала қоршап алды, Жаратқанның атымен құрттым оларды.
[11] Жан-жақтан олар мені қоршап алды, Жаратқанның атымен құрттым оларды.
[12] Айналамда олар арадай құжынады, Бірақ жанған бұтадай тез өшіп қалды, Жаратқанның атымен құрттым оларды.
[13] Құлатпақ болып сол жаулар қатты итерді, Ал Жаратқан Ие мені қолдап демеді.
[14] Күш-қуатым әрі жырым — Жаратқаным, Ол болды, міне, менің Құтқарушым.
[15] Құтқарылу мен жеңістің шаттық айқайы Әділдердің үйлерінде жаңғырады: «Жаратқан Иенің құдіретті оң қолы Қандай ғажап кереметтер жасайды!»
[16] Сонда көтерілді Иеміздің оң қолы: «Жаратқан Иенің құдіретті оң қолы Қандай ғажап кереметтер жасайды!»
[17] Енді өлмеймін, өмір сүре беремін, Жаратқанның істерін паш етемін.
[18] Жаратқан мені қатты жазалады, Бірақ жанымды ажалға қимады.
[19] «Әділдік қақпаларын» маған ашшы, Оған кіріп, мадақтайын Жаратқанды.
[20] Мына қақпа — Жаратқанның қақпасы, Әділ жандар оған кіре алады.
[21] Сені мадақтаймын, маған құлақ салдың, Уа, Ием, менің Құтқарушым Сен болдың.
[22] Құрылысшылар менсінбеген тас енді Үйдің басты іргетасына айналды!
[23] Жаратқанның Өзі соны істеді, Көз алдымызда бұл керемет болды!
[24] Иеміз жаратты бізге бұл күнді, Шаттанып қуанайық осы күні.
[25] Уа, Жаратқан, бізді құтқаршы, Уа, Иеміз, табыс сыйлашы!
[26] Жаратқанның атынан келе жатқан жарылқанған, Оның киелі үйінен бата береміз соған.
[27] Жаратқан Ие — Құдай, Ол бізге нұрын шашқан. Мейрамның құрбандық малын апарыңдар, Үстелдің мүйіздеріне байлап қойыңдар.
[28] Сен Құдайымсың, Саған мақтау айтамын, Сен Құдайымсың, даңқыңды асырамын.
[29] Жаратқан Ие ізгі, мадақтаңдар Оны, Мәңгіге ұласады берік рақымы!