[1] Жаратқан Иені мадақтаңдар! Жаратқан Иенің атын дәріптеңдер, Өз қызметкерлері, Оны қастерлеңдер,
[2] Құдайымыздың ғибадатханасында, Оның киелі үйінің аулаларында!
[3] Жаратқан Ие ізгі, Оны мадақтаңдар, Бұл ұнамды, Оның атын әнмен даңқтаңдар!
[4] Өйткені Жаратқан Жақыптың әулетін таңдады, Исраилді Өзінің меншігіне тағайындады.
[5] Мынаны ұқтым: Жаратқан ерен ұлы, Иеміз бар «тәңір, пір» атаулыдан жоғары!
[6] Жаратқан Өзіне ұнамдысын жасайды да Көк пен жерде, теңіз бен тұңғиықта.
[7] Ол көкжиектен бұлттарды көтереді, Нөсер мен найзағайды жібереді, «Қоймасынан» желді айдап әкеледі.
[8] Ол жойғызды Мысырдың тұңғыштарын, Адамның да, малдың да тұңғыштарын,
[9] Перғауын мен құлдарына қарсы Тәңір Ғажаптар көрсетті өз араңда, уа, Мысыр.
[10] Кейін көп халықтарды жеңіп шықты, Күшті патшалардың көздерін құртты:
[11] Аморлықтардың патшасы Сиғонды, Сондай-ақ Башанның патшасы Оқты, Қанаханның бар патшасын да құртты.
[12] Олардың жерлерін мұра секілді Өз халқы Исраилге меншікке берді.
[13] Атың Сенің мәңгілік, уа, Жаратқан Ие, Сен боласың бар ұрпақтың есінде.
[14] Жаратқан Ие өз халқын ақтайтын болады, Әрі қызметшілеріне рақым танытады.
[15] Өзге ұлттардың пұттары күміс, алтыннан, Адамдардың қолдарымен жасалған.
[16] Пұттың аузы бар, бірақ сөйлей алмайды, Көздері бар, бірақ көре алмайды,
[17] Құлақтары бар, бірақ ести алмайды Және ауызынан дем де шықпайды.
[18] Өлі пұтты жасаған пенде соған ұқсайды, Мүсінге сенген әркім де содан аумайды.
[19] Уа, Исраилдің үрім-бұтағы, Мадақтаңдар Иеміз — Жаратушыны, Уа, Һаронның үрім-бұтағы, Мадақтаңдар Иеміз — Жаратушыны,
[20] Уа, Леуінің үрім-бұтағы, Мадақтаңдар Иеміз — Жаратушыны, Уа, қастерлейтіндер Оны, Мадақтаңдар Иеміз — Жаратушыны,
[21] Сионнан мадақтаңдар Жаратқанды, Уа, Иерусалим, Оның жердегі тұрағы! Лайым мадақтаңдар Жаратқан Иені!