Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 4:45

[1] Жаратқан Ие ізгі, мадақтаңдар Оны, Мәңгілікке ұласады берік рақымы!

[2] Осылай десін Жаратқанның құтқарғандары, Оның жау қолынан босатып алғандары,

[3] Жаратқанның жат елдерден жинағандары, Шартараптан еліне қайтарғандары.

[4] Біреулері құла түзде босып жүрді, Мекендейтін қала таппай дала кезді.

[5] Аш болып, олар суға да зарықты, Жандары әлсіреп, өше жаздады.

[6] Мүшкіл халдерінде Жаратқанды шақырды, Иеміз оларды қасіреттен құтқарды.

[7] Мекендей алатын қалаға оларды Тура жолмен жетелеп бастап барды.

[8] Олар Жаратқанды мақтасын мейірімі үшін, Адамдарға істеген кереметтері үшін!

[9] Сусаған адамның шөлін Ол қандырды, Қарны аш жанды нәрлі аспен тойдырды.

[10] Біреулер түнекте, үмітсіз жағдайда Тұтқында қиналып жатты темір бұғауда,

[11] Олар сөзіне қарсы шығып Құдайдың, Кеңесін менсінбеп еді Хақ Тағаланың.

[12] Сонда Ол халқын ауыр бейнетке салды, Олар сүрініп құлап, ешкім қолдамады.

[13] Мүшкіл халдерінде Жаратқанды шақырды, Иеміз оларды қасіреттен құтқарды,

[14] Үмітсіз жағдай мен түнектен шығарды, Байланған құрсауларын сындырып лақтырды.

[15] Олар Жаратқанды мақтасын мейірімі үшін, Адамдарға істеген кереметтері үшін!

[16] Қола қақпаларды Ол быт-шыт қылды, Темір ысырмаларын да сындырды.

[17] Біреулер бас көтеріп ақымақ болды, Күнәларына бола індетке шалдықты,

[18] Барлық тамақтан жиренетін болды, Ажалдың қақпаларына таяп қалды.

[19] Мүшкіл халдерінде Жаратқанды шақырды, Иеміз оларды қасіреттен құтқарды.

[20] Ол сөзін арнап, оларды сауықтырды, Жандарын ажалдан аман алып қалды.

[21] Олар Жаратқанды мақтасын мейірімі үшін, Адамдарға істеген кереметтері үшін,

[22] Шүкірлік тартуларын Иемізге ұсынсын, Шаттық әнмен Оның істерін паш қылсын!

[23] Кемелермен теңізге шығатындар, Мұхитты кезіп, сауда жасайтындар

[24] Көреді Жаратқан Иенің істерін, Терең теңіздегі кереметтерін.

[25] Ол бұйрық беріп, қатты дауыл жіберді, Зәулім биік толқындарды көтерді.

[26] Кеме аспанға көтеріліп, жоғары шықты, Тұңғиыққа құлағандай төмен түсті, Қауіптен адамдардың үрейлері ұшты,

[27] Маскүнемдей тәлтіректеп шайқалысты, Не істерін білмей сапырылысты.

[28] Мүшкіл халдерінде Жаратқанды шақырды, Иеміз оларды қасіреттен құтқарды.

[29] Ол дауылды басып, саябырсытты, Теңіздің толқындарын да тыншытты.

[30] Дауыл басылғанда адамдар қуанды, Аңсаған кемежайына Ол бастап апарды.

[31] Олар Жаратқанды мақтасын мейірімі үшін, Адамдарға істеген кереметтері үшін,

[32] Халықтар жиынында Оны дәріптесін, Ақсақалдар кеңесінде қастерлесін!

[33] Құдай өзендерді айналдырады шөлге, Ал бұлақтарды құрғатып құла түзге,

[34] Шұрайлы жерді — сортаң иен далаға, Тұрғындарының зұлымдықтарына бола.

[35] Бірақ шөлейт жерді Ол айналдырады көлге, Кеуіп қалған даланы қайнар көзге,

[36] Аш жандарды сонда қоныстандырады, Олар мекендейтін қала тұрғызады,

[37] Егін егіп, жүзімдік отырғызады, Солардан ағыл-тегіл өнім алады.

[38] Жаратқан Ие сол жандарды жарылқайды, Олар өсіп-өніп ғаламат молаяды, Мал басын да Иеміз азайтпайды.

[39] (Халық тағы паңданса) саны қысқарады, Езгі, апат, қайғы оны жуасытады,

[40] Атақтыларын Иеміз қор қылады, Жолсыз құла түзді кездіріп қояды,

[41] Ал жарлыны мүшкіл халінен босатады, Отардағы қойдай ұрпағын молайтады.

[42] Әділдер мұны көріп, шаттанады, Бар зұлымдар ауыздарын жабады.

[43] Ақылды жан бұл жайттарға ден қояды, Жаратқанның берік рақымын ұғынады.

Забур жырлары — Chapters