[1] (Сүлейменнің жыры.) Уа, Құдай, патшаңа әділ шешімдер сыйлай гөр, Патшаның ұлына да әділдікті үйрете гөр,
[2] Ол халқыңа әділетпен билік құрсын, Жарлыларыңа әділ үкім шығарсын.
[3] Қыраттар халқыңа молшылық берсін, Қырдан олар әділдіктің өнімін терсін.
[4] Патша халықтың жарлыларын қорғасын, Мұқтаждың ұрпақтарын да аман сақтасын, Ал қанаушыларын басып жуасытсын.
[5] Күн мен ай нұрын шашып болмайынша, Халқың Сені қастерлесін ұрпақтан ұрпаққа.
[6] Игілікті болсын патшаның билігі: Қайта қаулата өсірген шабындықты Аспаннан жауған көктемгі жаңбырдай, Иә, топырақтың шөлін қандырған нөсердей.
[7] Патша заманында әділдер өркендесін, Ай өшпейінше молшылық жайыла берсін.
[8] Ол билік құрады теңізден теңізге дейін, Евфрат өзенінен жердің шетіне дейін,
[9] Құла түздің тұрғындары оған бас ұрады, Ал жаулары топырақты жалайтын болады.
[10] Тарсис пен аралдардың патшалары Патшаңа алым-салық төлеп тұрады, Әрі Себа мен Сәбаның патшалары Сый-тартулар әкеліп отырады.
[11] Күллі патшалар оған бас иеді, Күллі ұлттар оған қызмет етеді.
[12] Патша құтқарады жалынған мұқтажды Және қолдаушысы жоқ қаналғанды,
[13] Ол әлсіз бен кедейді қамқорлайды, Оларды ажалдан аман сақтайды,
[14] Әрі зорлық-зомбылықтан қорғайды, Олардың қанын қымбат деп санайды.
[15] Ғұмыры патшаның ұзақ болсын, Оған Сәбаның алтынынан сый тартылсын, Лайым жұрт патшасы үшін мінажат қылсын, Күн сайын жарылқануы үшін Тәңірге сиынсын!
[16] Жердің беті егінге тола берсін, Қырда дәнді сабақтары өсіп-өнсін, Олар Ливан орманындай сыңсып тұрсын, Қаланың тұрғындары да шөптей көбейсін.
[17] Патшаның есімі мәңгілікке ұлассын, Күннің сәулесіндей ұзаққа созылсын, Ол арқылы барлық ұлттар жарылқансын, Есімі оның үздіксіз мақталатын болсын!
[18] Лайым мадақталсын Исраил сиынатын Құдай, Тек Жаратқан Ие — керемет жасайтын Құдай!
[19] Оның даңқты есімі мәңгі дәріптелсін, Күллі жер Оның салтанатына кенелсін. Аумин, иә, аумин.
[20] (Есей ұлы Дәуіттің мінажаттары осымен аяқталады.)