[1] (Дәуіттің жыры.) Жан-тәніммен Жаратқан Иені мадақтаймын, Шын жүректен қасиетті атын ардақтаймын.
[2] Жан-тәніммен Жаратқан Иені мадақтаймын, Маған көп жақсылық жасағанын ұмытпаймын.
[3] Ол бар күнәларымды кешіріп, Дерттерімнің бәрін сауықтырады,
[4] Ажалдан жанымды аман қалдырып, Рақымы мен мейірімін сыйлайды,
[5] Тілегімді жақсылықпен қанағат қып, Қырандай мені қайта түлетеді.
[6] Иеміз жәбір көргендердің барлығына Әділдік жеткізіп, мүддесін қорғайды да.
[7] Ақиқат жолдарын танытты Ол Мұсаға, Кереметтер жасады Исраил халқына.
[8] Жаратқан — мейірбанды да рақымды, Тез қаһарланбайтын, тым қайырымды.
[9] Ол бізді ұдайы айыптамайды, Мәңгі бақи кек те сақтамайды,
[10] Бізді күнәмізге қарап жазаламайды, Жаман ісіміздің есесін қайтармайды.
[11] Аспан жерден қанша жоғары болса, Жаратқанның Өзін терең сыйлағандарға Жаудыратын рақымы сонша мол да!
[12] Шығыс батыстан тым қашық болғаны сияқты, Ол заңсыз істерімізді бізден зор қашықтатты.
[13] Әкенің сәбиіне жаны ашығаны іспетті, Жаратқан Иеміз де Өзін қастерлегендерге Дәл сондай мейірім мен жанашырлық көрсетеді.
[14] Неден жаратылдық, соны түгел біледі, Топырақтан екеніміз Оның есінде.
[15] Адамның өмірі көк шөп секілді, Ол гүлдейді дала гүлі тәрізді:
[16] Ыстық жел соғып өтсе, ғайып болар, Тұрған жеріне беймәлім боп жоғалар.
[17] Ал Өзін терең қастерлеген жандарға Жаратқанның рақымы мәңгі жауады да.
[18] Иемізбен жасасқан Келісімін бұзбайтын, Оның бұйрықтарын есінде сақтайтын, Әрі солар бойынша жүріп-тұратын Адамдардың келер ұрпақтарына дағы Құдайдың әділдігі жетіп тұрады.
[19] Жаратқан Ие көкте орнатты өз тағын, Оның Патшалығы билейді барлығын.
[20] Уа, Иеміздің сөзіне құлақ салатын, Оның айтқанын іске асыратын, Құдіреті күшті періштелері, Жаратқан Иеге мақтау айтыңдар!
[21] Уа, Иеміздің еркін орындайтын Көктегі топтары, қызметшілері, Жаратқан Иеге мақтау айтыңдар!
[22] Уа, Оның Патшалығының бар орындарында Жүретін күллі жаратқандары да, Жаратқан Иеге мақтау айтыңдар! Жан-тәніммен Жаратушыны мадақтаймын да.