Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 3:14

[1] (Дәуіттің жыры. Ол Дәуіттің Әбимәлік алдында есуас болғансып, соның қасынан қуылып, құтылып кеткен оқиғасына арналған.)

[2] Жаратқан Иені мадақтаймын әр уақытта, Оны мақтаған жыр ұдайы жүрсін аузымда.

[3] Тәңір Иені шын жүректен тұтамын мақтан, Байғұс бейшаралар естіп, қуансын соған.

[4] Келіңдер, бірге Жаратқанды мадақтайықшы, Бірігіп Оның есімін марапаттайықшы!

[5] Жаратқанға сиындым, Ол жауап берді маған, Әрі азат етті мені бар қорқынышымнан.

[6] Жаратқанға сиынып көз тіккендер жайнайды, Олар шаттанып, еш масқара болмайды.

[7] Жарлы болған мен жалбарындым Жаратқанға, Ол естіп, бар пәлемнен құтқарды сонда.

[8] Иені қастерлейтіндерді қоршап тұрады Оның періштесі, ол соларды құтқарады.

[9] Жаратқанның ізгілігіне көз жеткізіңдер, Қандай бақытты Оған сенімін жүктегендер!

[10] Қастерлеңдер Иені, Оның қасиеттілері! Жоқшылық қинамайды Оны қастерлейтіндерді.

[11] Арыстандар азыққа зәру жүре алады, Ал Иеге сенгендер бар игілікке тояды.

[12] Келіңдер, балалар, тыңдаңдар сөзімді, Үйретемін сендерге Иемізді қастерлеуді.

[13] Сендердің қайсыларың өмірді ұнатасыңдар, Жақсы күндерді көптеп көруді қалайсыңдар?

[14] Онда жаман сөз ауыздарыңнан шығармаңдар, Өтірік айтудан да әрқашан сақтаныңдар!

[15] Жамандықтан бас тартып, жақсылықты жасаңдар, Татулыққа ұмтылып, сол үшін күш салыңдар!

[16] Жаратқан Ие әділдерге назар аударады, Өзіне жалынған оларға құлақ салады.

[17] Ал сұмдық жасайтындарға Жаратқан қарсы шығады, Есімдерін із-түзсіз жер бетінен жоқ қылады.

[18] Әділдер жалынса, Иеміз құлақ салады, Күллі қиындықтан оларды құтқарып алады.

[19] Жүрегі жаралыға Жаратқан жақын тұрады, Жаны күйреп, күнәсіне өкінгенді құтқарады.

[20] Әділ жан қиындықты көп көреді, Ал Иеміз оны бәрінен азат етеді,

[21] Оның барлық сүйектерін аман сақтайды, Тіпті бірде-біреуі сындырылмайды.

[22] Сұрқияның зұлымдығы түбіне жетер, Әділді жек көрген жан зардабын шегер.

[23] Жаратқан Ие құтқарады өз құлдарын, Ол соттамайды Өзін паналағандарын.

Забур жырлары — Chapters