[1] Келіңдер, Жаратқан Иеге арнап Әндетейік қуана-қуана жырлап, Жартастай мықты Құтқарушымызға Сиына берейік қатты дауыстап!
[2] Бәріміз Иеміздің алдына барып, Ризашылығымызды білдірейік, Ән-күймен де Оған мақтау айтып, Даңқын Оның асыра берейік!
[3] Себебі Жаратқан Ие — ұлы Құдай дағы Һәм ұлы Патша — бар «тәңір, пірден» тым жоғары!
[4] Бәрі Оның қолында: жердің тұңғиықтары, Әрі меншігі Оның — зәулім тау шыңдары,
[5] Теңіз де Иеміздікі — Өзі соны жаратқан, Құрлықтың барлығы да Оның қолынан шыққан!
[6] Келіңдер, тағзым етейік Иемізге иіліп, Жаратушымыздың алдында тіземізді бүгіп!
[7] Себебі Өзі — біздің бірден-бір Құдайымыз, Ал біз Оның бағып жүрген меншікті халқымыз Әрі қамқорындағы отары сияқтымыз. Бүгін сендер Оның даусын естігенде,
[8] Мерібада істегендерің секілді Қасарыстырмаңдар жүректеріңді: Ежелде айдалада жүрген кезде Масадағы бас көтергендерің іспетті Қайтадан солай істемеңдер енді!
[9] Сендердің ата-бабаларың сол жерде Көріп жүрсе де керемет істерімді, Еркінсіп сынай берді төзімімді.
[10] Бұл ұрпаққа қырық жыл ашуландым, Сонымен былай деп қорыттым: Жүрек қалаулары теріс бағыттағы Осы халық тағылымымды қабылдамады!
[11] Қаһарланып ант еттім Мен сондықтан: «Тыныштық сыйлау үшін Мен дайындаған Елге кірмейді олар енді ешқашан!»