Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 3:12

[1] (Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің жыры.) Уа, Жаратқан Ие, мені сынап тексердің, Сен мені толығынан танып білесің:

[2] Отырғаным, тұрғаным да Саған аян, Ойларымды біліп, ұғасың алыстан.

[3] Жүрейін не демалайын, көз алдыңдамын, Жолдарымның барлығы да Саған айқын.

[4] Сөз шықпай тұрып-ақ менің аузымнан Оны толық білесің, уа, Жаратқан!

[5] Алды-артымнан жүресің мені қоршап Құдіретті қолыңды үстімде ұстап.

[6] Біліміңді ұға алмаймын ешқашан, Ол қол жеткізбес биік те ғажап маған!

[7] Сенің Рухыңнан мен қайда қашпақпын? Көз алдыңнан қайда жасырынбақпын?

[8] Көкке көтерілсем, сол орындасың, Тұңғиыққа түссем де, Сен сондасың.

[9] Таң шапағына қалықтап ұшсам да, Не теңіздің ар жағына қонсам да,

[10] Сол жерде де мені қолың жетелеп, Құдіретті қолың ұстайды демеп.

[11] Мен: «Қараңғылық мені тасаласын, Айналамдағы жарық түнекке айналсын!»

[12] Десем де, түнек жасырмайды Сенен, Саған күндей нұрлы — түннің өзі де, Жарықтай айқын — түнек те көзіңе!

[13] Сен іш құрылысымды қалыптастырдың, Ана құрсағында мені жараттың.

[14] Тамаша жаралдым, Сені мадақтаймын, Керемет ғажап — жасаған істерің, Мұны мен шын жүректен мойындаймын.

[15] Мен ана құрсағында қалыптастым, Құпия жерде жатқанда жаратылдым, Сенен таса болмады сонда сүйектерім,

[16] Ұрық күйімде мені көзіңмен көрдің. Сен маған бұйырған күндердің бірі Әлі де тумас бұрын, солардың бәрі Кітабыңда жазулы тұрған еді.

[17] Сенің ойларың маған тым жоғары, Уа, Құдай, қанша көп олардың саны!

[18] Санап шықсам барлық ойларыңды, Құм қиыршықтарынан көп болады! Бірақ оянған кезде әрдайым мен Бірге боламын әлі де Өзіңмен.

[19] Уа, Құдай, зұлымдарды жазалай гөр, Аулақ кетіңдер менен, қанішерлер!

[20] Олар Сен жайлы арамдық айтады, Дұшпандарың атыңды құр қолданады.

[21] Сені жек көріп, қарсы шыққан жауларың Қалай маған жексұрын, жиренішті болмасын?

[22] Жан-тәніммен жақтырмаймын соларды, Олар нағыз дұшпандарыма айналды.

[23] Уа, Құдай, жүрегімнің түкпірлерін тексере гөр, Мені мазалаған ойларымды біле гөр,

[24] Қауіпті жолдамын ба, сынай көрсеңші, Мәңгілік өмір жолымен мені жүргізсеңші!

Забур жырлары — Chapters