Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 1:42

[1] (Дәуіттің жыры.) Саған сиынамын, уа, Жаратқан Ием, Жартастай берік қорғанымсың Сен, Бас тарта көрме маған жауап беруден. Егер де тіл қатып жауап бермесең, Қабірге түскендерге ұқсаймын мен.

[2] Киелі үйіңе қарай қол көтеріп Жалбарынсам Сенен қолдау тілеп, Менің даусыма құлақ түре көрші.

[3] Қылмыс жасайтын зұлымдармен бірге Маған өлімді бұйыра көрмеші. Басқалармен солар жылы сөйлескенмен, Олардың жүректері арамза әбден.

[4] Соларға жасаған қылмыстарына сай, Істеген зұлым істеріне қарай Тиісті жазаларын тартқыза гөр, Лайықты қарымтасын қайтара гөр.

[5] Иеміздің істерін олар елемейді, Оның жаратқандарын құрметтемейді, Сондықтан Ол соларды талқандайды, Енді қайтып оларды көтермейді.

[6] Жаратқан Ие мақталсын әрқашан! Құлақ асты Ол даусыма жалынған.

[7] Ием — күш-қуатым, қалқандай қорғаным, Шын жүректен Оған сенім артамын. Ол мені қолдады, қатты қуанады жүрегім, Иеме ән салып Оны дәріптеймін.

[8] Жаратқан Ие — күш-қуаты өз халқының, Әрі Өзі тағайындаған патшасының Берік қорғаны аман-есен сақтайтын.

[9] Уа, Жаратқан, халқыңды құтқара гөр, Меншікті қауымыңды жарылқай гөр, Бағушысы болып мәңгі көтере бер.

Забур жырлары — Chapters