Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 1:50

[1] (Ән-күйдің жетекшісіне арналған, «Алыстағы үнсіз көгершін» әуенімен айтылатын Дәуіттің мінажаты. Ол філістірлердің Дәуітті Ғат қаласында ұстап алған кезіне арналған.)

[2] Уа, Құдай, бола гөр маған мейірімді, Адамдар ұмтылады таптауға мені, Күні бойы қыспақтап, тап береді.

[3] Жауларым күнде қудалап өкшелейді, Менмендер маған қарсы бас көтереді.

[4] Қорыққанда Саған артам сенімімді.

[5] Құдайға сеніп енді қорықпаймын, Берген сөзі үшін Оны мадақтаймын, Сонда пенде не жасай алады маған?

[6] Күнде жаулар сөздерімді бұрмалайды, Әрдайым маған қарсы қастық ойлайды,

[7] Жасырынып бір жерге жиналады, Бар қадамдарымды бақылап тұрады, Аңдып жанымды алуға ұмтылады.

[8] Уа, Құдай, сұм істерімен құтылтпашы, Сол қыңыр ұлттарды қаһарыңмен құлдыратшы.

[9] Шарасыздығымды ұмытпай ескересің, «Құтыңа» жинап қой көз жасымның бәрін, Жазылған жоқ па олар кітабыңда Сенің?

[10] Сиынып сұрасам қолдауыңды Сенің, Кері шегінеді жауларым менің, Құдайдың маған жар екенін білемін.

[11] Берген сөзі үшін Құдайды мадақтаймын, Берген уәдесі үшін Иемді даңқтаймын.

[12] Құдайға сеніп енді қорықпаймын, Сонда пенде не жасай алады маған?

[13] Уа, Құдайым, мен Өзіңе бағыштаймын Берген уәдеме сай шүкірлік тартуларын.

[14] Өйткені аяғымды сүрінуден сақтадың, Жанымды ажалдың аранынан құтқардың. Осылай Сен мені Өзіңнің алдыңда Аман жүрсін дедің өмірдің нұрында.

Забур жырлары — Chapters