[1] Бабылдың өзен жағаларында отырдық, Сионды еске алып біз зар жыладық.
[2] Жетігенімізді іліп қойдық сонда Жағада өсіп тұрған қызыл талдарға.
[3] Тұтқындағандар жыр айтуымызды талап етті, Азаптағандар бізден шаттық әнін күтті: «Сионның ән-жырларын айтыңдар!» деді.
[4] Бөтен елде жүргенде қалайша біз Иеміздің ән-жырларын айта аламыз?
[5] О, Иерусалим, егер ұмытсам сені, Оң қолым, сен де ұмытқайсың мені!
[6] Иерусалимді есімде сақтамасам, Оны шаттығымның шыңы деп санамасам, Онда тілім көмейіме жабысып қалсын!
[7] Уа, Жаратқан Ием, есіңе түсірші Иерусалим жау қолына түскен күні Едомдықтардың не істегендерін: «Қиратыңдар қаланы түбіне дейін! Қиратыңдар оны!» деп өршіткендерін.
[8] Уа, Бабыл қаласы, ойран салғышсың, Саған бізге істеген қастығыңның Есесін қайтарған жан бақытты болмақ,
[9] Ұстап алып балаларыңды өзіңнің, Тасқа ұрған адам бақытты болмақ.