[1] (Ән-күйдің жетекшісіне арналған. Жаратқан Иенің қызметшісі Дәуіттің жыры. Ол Жаратқан Иенің оны барлық жауларынан және Саулдың қолынан құтқарғанына арналған. Сонда Дәуіт былай деді:)
[2] Уа, Жаратқан Ие, Сені сүйемін, Сен күш-қуатымның қайнар көзісің.
[3] Жаратқан — жартастай берік қорғаным, Мені қауіп-қатерден құтқарушым, Құдайым — сенім артқан шың құзым, Қалқандай қорғаушым, мықты құтқарушым, Әрі биік таудағыдай баспанам!
[4] Мадаққа лайық Жаратқанға сиынам, Ол мені арашалайды жауларымнан.
[5] Өлім толқындары жан-жақтан құрсады, Заңсыздық тасқыны көміп тастады,
[6] Ажалдың шынжыры мені матады, Өлімнің торы бұғаулап шырмады.
[7] Қатты қиналып Жаратқанға сиындым, Жәрдем сұрап Құдайыма жалындым. Киелі орнынан Ол құлақ салды, Жалынышым Оның алдына барды.
[8] Сол заматта жер дірілдеп сілкінді, Таулардың негізі шайқалып дірілдеді, Өйткені Құдай қаһарына мінген еді.
[9] Қаһарынан Оның түтін шықты, От лаулап, аузынан жалын атты, Ыстық шоқ ішінен атқылады.
[10] Аспанды ашып Ол төмен түсті, Қара бұлттар болды аяғының асты,
[11] Мықты періштелерге мініп алды, Желдің қанаттарында зулап ұшты,
[12] Түнекті айналдыра перде қылды, Жаңбырдың қалың бұлттарын жамылды,
[13] Қасындағы нұрын бұлттар жасырды, Бұршақ жауып, найзағай жарқылдады.
[14] Жаратқан Ие аспаннан күркіреп шақырды, Алла Тағаланың дауысы жаңғырықты.
[15] Жебелер атқылап жауларын шашыратты, Найзағай жарқылдап оларды абдыратты.
[16] Көрінді сонда теңіздің арналары, Әрі дүниенің негіздері ашылды, Уа, Жаратқан Ие, қатаң сөгісіңнен, Қаһарлы да құдіретті лебіңнен.
[17] Көктен қолын созып, Ол мені ұстап алды, Терең судан Ием мені шығарып алды,
[18] Құтқарды мені мықты дұшпанымнан, Өзімнен қуатты қас жауларымнан.
[19] Мүшкіл кезімде олар маған бас салды, Жаратқан Ие бірақ тірегім болды,
[20] Кең-байтақ жерге Ол мені шығарды, Маған риза болып аман құтқарды.
[21] Адал жүрген мені Ием қолдады, Пәк істерім үшін игілік сыйлады.
[22] Өйткені Жаратқанның жолымен жүрдім, Арсыз болып Құдайымнан безбедім.
[23] Қайта, күллі шешімдері көз алдымда, Оның ережелерінен бас тартпаймын да.
[24] Құдайдың алдында мінсіз болып келемін, Күнә жасаудан сақтанып жүремін.
[25] Жаратқан маған берді әділдігіме қарай, Оның көз алдындағы пәк ісіме сай.
[26] Ием, рақымды жанға рақым танытасың, Адал жанға адалдықпен қарайсың,
[27] Таза жүрген жанмен Өзің де тазасың. Арамзаға айламен жауап қайырасың.
[28] Жәбір көрген жандарды құтқарасың, Бірақ менменді байқап, құлатасың.
[29] Уа, Ием, маған шырақтай нұр шашасың, Уа, Құдайым, түнегімді жарық қыласың.
[30] Сенің күшіңмен жау тобын жеңе аламын, Құдайыммен қамалдың үстіне шығамын.
[31] Күмән жоқ, Құдайдың жолы мінсіз, Жаратқанның сөзі де еш мүлтіксіз. Құдайға сенім артқан бар жандарға Ол — қалқандай қорған әрі берік баспана.
[32] Жаратқан Иеден басқа кім Құдай екен? Құдайымыздан басқа кім қорғайтын құз екен?
[33] Құдай мені күш-қуатқа бөлейді, Мінсіз өмір жолымен жетелейді,
[34] Аяғымды бұғыдай жүйрік қылады, Биік жерлерімде аман тұрғызады.
[35] Ол қолдарымды дайындайды шайқасқа, Майыстырам тіпті қола садақты да.
[36] Сен құтқаруыңды қалқандай сыйладың, Мені қолдайды құдіретті қолың, Жоғарылатады мені шапағатың.
[37] Жолда қадамдарымды ұлғайтасың, Аяқтарымды таюдан сақтап қаласың.
[38] Жауларымның артынан қуып жеттім, Бәрін құртпайынша кері келмедім.
[39] Олар жеңіліп, қайта тұра алмады, Аяғымның астына менің құлады.
[40] Шайқасуға маған күш-қуат сыйладың, Қарсыластарды алдыма бас ұрғыздың,
[41] Қалған жауларды қашуға мәжбүр қылдың. Мені жек көргендердің көздерін құрттым,
[42] Көмекке шақырды олар, ешкім құтқармады, Жаратқанға жалынды, Ол құлақ салмады.
[43] Жауларды желмен ұшқан шаңдай ұнтақтадым, Далаға батпақтай лақтырып тастадым.
[44] Сен мені халықтың бүлігінен құтқардың, Әрі басшысы етіп қойдың өзге ұлттардың. Бөтен халық енді маған қызмет етеді,
[45] Олар да айтқанымды екі етпейді, Бөгде ұлттар алдымда құлдық ұрады,
[46] Жат жұрттықтар қатты қорқып бозарады, Дірілдеп өз қамалдарынан шығады.
[47] Жаратқан тірі! Құздай Қорғаушым мақталсын, Құтқарушы Құдайым лайым даңқталсын!
[48] Құдайым мүддемді қорғаған, Әрі халықтарды маған бағындырған,
[49] Жауымнан өзімді аман сақтап қалған. Жоғары қойдың мені қарсыластардан, Сен құтқарып алдың зорлықшылдардан.
[50] Басқа халықтар арасында сондықтан, Уа, Жаратқан Ием, Сені мадақтаймын, Сенің атыңа ән-жырымды арнаймын.
[51] Сен Өзіңнің тағайындаған патшаңа: Дәуітке және оның ұрпақтарына Ұдайы ұлы жеңістер сыйлайсың, Тұрақты мейіріміңді бағыштайсың.