Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 1:45

[1] (Ән-күйдің жетекшісіне арналған. Сопрано дауыспен айтылатын Қорах ұрпақтарының жыры.)

[2] Құдай — біздің панамыз да күшіміз, Қиын кезде сенімді көмекшіміз.

[3] Сол себептен біз уайымдап қорықпаймыз, Тіпті дүниенің астан-кестені шықса да, Таулар теңіздің тұңғиығына құласа да,

[4] Теңіз долдана ақ көбік атқыласа да, Оның толқынынан тау сілкініп жатса да. (Әлемнің Иесі біздің жанымызда, Жақып сиынған Құдай — биік қорғанымыз да!) //

[5] Құдайдың таңдап алған қаласына, Алла Тағаланың киелі тұрағына Оның рақымы бұлақтың суындай Әрқашан да нәр беріп қуантуда.

[6] Құдай осы қаланың ортасында, Ешқашан қозғалмайды да сол қала, Құдай көмегін береді таң ата.

[7] Халықтар абыржи толқып, Патшалардың тақтары шайқалады, Алла Тағаланың үні естіліп, Бүкіл жер беті балқып жоқ болады.

[8] Әлемнің Иесі біздің жанымызда, Жақып сиынған Құдай — биік қорғанымыз да! //

[9] Келіп көріңдер Иенің істерін, Ол ойрандатты жаулардың жерлерін,

[10] Дүниедегі соғыстарды тоқтатып, Садақ, найза атаулыны сындырып, Күймелерді қиратты отқа жағып.

[11] «Тынышталыңдар барлығың енді, Біліңдер Менің Құдай екенімді! Басқа халықтар Мені құрметтейді, Дүние жүзінде Мені қастерлейді».

[12] Әлемнің Иесі біздің жанымызда, Жақып сиынған Құдай — биік қорғанымыз да! //

Забур жырлары — Chapters