Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 5:20

[1] (Дәуіттің жыры.) Арамзаларға ренжіп ашуланба, Жамандық жасайтындарға қызықпа,

[2] Олар шөп сияқты жылдам солады, Көк шөптей тез қурап, өліп қалады.

[3] Жаратушыға сеніп жақсылық жаса, Еліңде тұрып адалдықты сақта,

[4] Жаратқан Иеңнен тап рақатыңды, Ол сыйлайды ізгі жүрек қалауыңды.

[5] Өмір жолыңды тапсыр Тәңір Иеге, Оған сүйеніп сеніміңді жүкте, Ол сен үшін әрекет етеді де:

[6] Жайнатады әділдігіңді таңғы нұрдай, Ісіңнің ақтығын тал түскі күндей.

[7] Шыдамды бол Жаратқанның алдында, Шешімін күт сабырмен, еш асықпа! Арам жоспарын іске асырған жанға, Табысқа жеткен зұлымға ашуланба!

[8] Ашу-ызаңнан қайт, бас қаһарыңды, Сұмдыққа өршітпесін олар жаныңды.

[9] Зұлымдық жасаушылар жойылып кетер, Иемізге сенушілер елді иемденер.

[10] Көп ұзамай зұлым адам ғайып болар, Іздесең таппайсың, орны босап қалар.

[11] Ал кішіпейіл жандар елді иеленер, Бейбіт өмірдің рақатына мол сүйсінер.

[12] Арсыз жан әділге жамандық ниеттенер, Менсінбей оны, тіс қайрап жек көрер.

[13] Бірақ Иеміз онысына тек күледі, Сот күнінің таяп қалғанын біледі.

[14] Семсерін суырып, садағын тартты сұмдар, Жарлыны құлатып, адалды құртпақ олар,

[15] Ал семсерлері өз жүректеріне қадалар, Садақтары сындырылып, талқандар.

[16] Әділдің қолындағы аздың өзі Көп зұлымның қолындағы молдан ізгі.

[17] Себебі зұлымның күші жойылады, Бірақ әділді Жаратқан нығайтады.

[18] Мінсіздерге Жаратқан күнде көз салады, Мұралық меншіктері мәңгі сақталады,

[19] Ауыр күнде мінсіздер масқара болмайды, Тіпті аштық кезінде тамағын тоя жейді.

[20] Жаратқанның жаулары жойылады, Зұлымдар даланың көркіндей солады, Жайылған түтіндей тез ғайып болады.

[21] Арсыз жан қарыз алып, қайтармайды, Әділ жан мүсіркеп, қамқорлайды.

[22] Иеміз жарылқағандар жерді мұралайды, Ал Оның қарғағандары қырғынға ұшырайды.

[23] Әділдің қадамын Жаратқан нығайтады, Жүрген өмір жолын Ол ұнатады,

[24] Сүрінсе әділ жан, біржола құламайды, Жаратқан оны қолынан демеп қолдайды.

[25] Жас та болдым, енді міне, қартайдым, Көрмедім әділ жанның бейшара болғанын, Ұрпағының қайыршы боп нан сұрағанын.

[26] Қайта, күнде жаны ашып қарыз береді, Ұрпағы да елге игілік әкеледі.

[27] Жамандықтан без, ұдайы жақсылық істе, Сонда өмір бойы тұрасың еліңде.

[28] Себебі Жаратушы әділдікті қалайды, Өзіне бағышталған жаннан бас тартпайды. Сондайды Ол мәңгі аман-есен сақтайды, Ал сұмның ұрпағы қырғынға ұшырайды.

[29] Әділдер осылай елді иеленеді, Өмір бақи оны мекен етеді.

[30] Әділ жанның аузынан даналық шығады, Тілімен ол әрдайым әділдік айтады,

[31] Жүрегінде Құдайының заңы қалады, Әділдік жолында аяғы нық болады.

[32] Арамза адам әділді торып аңдиды, Оның көзін құртудың амалын іздейді,

[33] Ал Иеміз әділді арамзаға қалдырмайды, Оған әділге қарсы үкім шығартпайды.

[34] Жаратқанға сүйеніп, Оның жолымен жүр, Ол сені көтеріп елді иелентер, Зұлымдардың құрығанын саған көрсетер.

[35] Бұтағын жайып, тереңге тамырлаған Зор ағаштай сұм да қатал жанды байқағам,

[36] Енді міне, ол уақыты өтіп жоқ болған, Іздесем де, оны мүлдем таба алман.

[37] Мінсізді бақыла, әділге қара: Зор болашақ бар бейбіт адамда,

[38] Бірақ заңсыздар түгел құртылады, Сұмдардың болашағы қырғын болады.

[39] Әділдерді Жаратқан құтқарып алады, Пәлеге тап болса, оларға пана болады,

[40] Жаратушы оларды қолдап құтқарады, Зұлымдардың қолынан босатып алады, Өйткені әділдер Оған үміт артады.

Забур жырлары — Chapters