Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 3:48

[1] (Ән-күйдің жетекшісіне арналған, «Ұлдың қазасы» әуенімен айтылатын Дәуіттің жыры.)

[2] Уа, Жаратқан, шын жүректен Сені мадақтаймын, Жасаған кереметтеріңнің бәрін жариялаймын.

[3] Ұдайы Саған қуанып шаттық ән шырқаймын, Уа, Хақ Тағала, есіміңді Сенің жырлаймын.

[4] Жауларым шегініп, кері қарай бұрылады, Алдыңда сүрініп құлап, ойран да болады.

[5] Себебі дауымда Сен мүддемді қорғадың, Тағыңда отырып әділ шешім шығардың.

[6] Халықтарды сөгіп, зұлымдарды жоқ қылдың, Есімдерін мәңгілікке өшіріп тастадың.

[7] Жау қару-жарағынан ада қалып, жойылды, Сен қиратқан қалалары із-түзсіз жоғалды.

[8] Рас, Жаратқан Ие мәңгі билік жүргізеді, Ол өз тағын орнатып, төрелік етеді.

[9] Иеміз адамзатқа әділ үкім айтады, Халықтарға ақиқат шешім шығарады.

[10] Қаналғандарға Жаратқан пана болады, Қиын жағдайда зәулім қорған боп тұрады,

[11] Сені шын білетіндер Саған сенім артады, Ием, тастап кетпейсің Өзіңе сиынғанды.

[12] Сионда тұратын Жаратқанға ән шырқаңдар, Оның ғажап істерін бар ұлттарға айтыңдар!

[13] Төгілген қанды ұмытпайтын Ол ескереді, Жәбір шеккеннің айқайына құлағын түреді.

[14] Уа, Жаратқан Ие, маған рақым таныта гөр, Жек көрген жаулардан қиналғанымды байқай гөр, Ажалдың аранынан мені арашалай гөр.

[15] Сонда қақпаларында Сион шаһарының Өз ұлылығыңды ұдайы марапаттаймын, Мені құтқарғаныңа қуана ән шырқаймын.

[16] Басқа ұлттар қазған өз орларына құлады, Құрған қақпандарына өздері ұсталды.

[17] Ием әділ үкім айтып, Өзін ашық танытты, Зұлымдар айлалы істерінің кесірін тартты. //

[18] Жамандық жасаушылар ажалға душар болады, Құдайды менсінбеген ұлттар соған тап болады.

[19] Ал мұқтаж жан біржола ұмытылып кетпейді, Бейшараның үміті мүлдем зая кетпейді.

[20] Уа, Ием, көтерілші, пенде жеңіп шықпасын, Халықтарға көз алдыңда үкім шығарылсын!

[21] Жай пенде екендерін халықтар ұғып алсын, Оларды дірілдетіп қорқытсаң, о, Жаратқан! //

[22] Уа, Жаратқан Ие, неге менен алыстасың? Басыма күн туғанда неге жасырынасың?

[23] Жарлыларды паңдана қудалайды зұлымдар, Өз айлалы істерінен ұсталсын сондайлар!

[24] Арсыз жан құмарлығын тіпті мақтан етеді, Ашкөз де дандайсып Жаратқанды менсінбейді,

[25] Зұлым тәкаппарланып, Тәңірге бет бұрмайды, Күллі ой-пікірінде «Құдай жоқ!» деп санайды.

[26] Ұдайы іс-әрекеттері табыс келтіреді, Сенің сотың тым биікте, алыс боп көрінеді. Зұлым барлық дұшпанын келекелей береді.

[27] «Шайқалта алмас мені еш нәрсе, — деп ойлайды, — Күллі ұрпақтарыма да пәле жоламайды».

[28] Аузынан шыққандар: қарғыс, өтірік, жалғандық, Айтқандары түгелдей зорлық пен зұлымдық.

[29] Аула артында тасада аңдып отырады, Бас салып тұтқиылдан, жазықсызды құртады. Қорғансыз жанға көз сүзіп, отырады қарап,

[30] Тасадағы арыстандай тосады тығылып, Бейшара жарлыны ұстауға жатады аңдып, Байғұсқа бас салып, түсіреді торына тартып.

[31] Шарасыз бейбақ жеңіліп, жерге құлап түседі, Жауының мықты тырнақтарына ілігеді.

[32] Зұлым жан: «Құдай ұмытып кетті, — деп ойлайды, — Ол көзін жұмып, ешқашан назар аудармайды».

[33] Уа, Жаратқан Ие, орныңнан көтеріле гөр, Құдайым, қол созып, қаналғанды ескере гөр!

[34] Зұлымдар неліктен Құдайды қорлай алады?! «Жауапқа тартпайды» деп неге ойлай алады?!

[35] Ал көрсеткен жәбірлерін Сен байқап келесің, Зорлықтарын бақылап, жазаларын бересің. Кедей Саған сенеді, жетімге де тірексің.

[36] Сол сұрқия зұлымдардың қолдарын сындыршы, Сұмдық істерін тексеріп, із-түзсіз жоқ қылшы!

[37] Жаратқан Ие мәңгі бақи Патша болады, Бой ұрмайтын ұлттар Оның елінен жоғалады.

[38] Назар аударасың күшсіздердің аңсауына, Уа, Ием, құлақ салып, жігер бересің оларға,

[39] Жетім мен қиналған жанның мүддесін қорғауға, Сұм пенденің оларды қайтып қорқытпауына!

Забур жырлары — Chapters