[1] (Ән-күйдің жетекшісі Едутунге арналған Дәуіттің жыры.)
[2] Өзіме былай дедім: «Мен сақ жүрейін, Тіліммен күнә жасаудан безейін, Әділетсіз жан қасымда тұрғанда Тіліме берік бұғау салайын да».
[3] Осылай аузымды ашпай үндемедім, Тіпті жақсылық жайлы да сөйлемедім, Содан күшейе түсті қасіретім.
[4] Жүрек жалындап, ойымда от тұтанды, Тілімнен отты сөздер ағытылды:
[5] Көрсете гөр, Ием, ғұмырымның соңын, Көрер күндерімнің бүкіл санын, Өмірімнің өткіншілігін ұғайын.
[6] Бір қарыстан ұзақ емес өмірім, Қас қағым сәт — ғұмыр жасым Сен үшін. Рас, алған деміндей әлсіз — пенде өмірі! //
[7] Адамдар өмірден елестей өтеді, Мал-мүлік мол жинап бекер күйбеңдейді, Себебі соның кімге тиерін білмейді.
[8] Ал қазір, уа, Ием, нені тосамын? Тек Өзіңе үмітімді артамын.
[9] Заңсыз істерімнен мені арылта гөр, Зердесіздің қорлауынан сақтай гөр.
[10] Мен ауызымды ашып, еш үндемеймін, Өйткені осыны жасаған Сен Өзіңсің.
[11] Бұйырған азапты ала гөр менен, Қолыңның соққысынан әлсіредім мен.
[12] Күнәсі үшін жазаласаң пендені, Күйе жеп қойғандай таусылар көрігі, Рас, алған деміндей әлсіз — пенде өмірі! //
[13] Мінажатыма, уа, Ием, құлақ түрші, Көмекке шақырған даусымды естіші, Менің көз жасымды елемей жүрмеші, Себебі барлық ата-бабама ұқсаймын, Жат жерлік кірме болып Өзіңмен тұрамын.
[14] Маған қарап тұрмашы ашуменен, Қайтадан көңілді болайын мен, Ғайып болмас бұрын кетіп бұл өмірден.