Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 2:22

[1] (Киелі үйге қарай өрлеп бара жатқанда айтылатын жыр.) Уа, Жаратқан Ие, есіңе түсірші Қиындық молынан көрген Дәуітті.

[2] Ол Жаратқан Иеге уәде етті, Жақыптың сиынатын құдіретті Құдайына былай деп ант берді: «Мен кірмеймін үйімнің ішіне, Әрі жатпаймын төсегіме, Ұйқы бермеймін көздеріме, Мүлгітпеймін кірпіктерімді, Жақыптың сиынатын құдіретті Құдайы — Жаратқан Иеге тұрақты Мекен салып бермейінше».

[6] Сандықтың Ефратада екенін естідік, Иғарым даласынан оны таптық.

[7] Жүріңдер, тұрағына Оның кірейік, «Табан тіренішінде» мінажат етейік.

[8] Уа, Жаратқан Ие, көтерілші, Тынығар киелі тұрағыңа кірші, Сандығыңмен бірге — құдіретіңнің белгісі.

[9] Діни қызметкерлерің әділдік жамылсын, Өзіңе адалдар шаттана ән-жыр айтсын.

[10] Қызметшің Дәуітті есіңе алсаңшы, Тағайындаған патшаңнан бас тартпашы.

[11] Дәуітке былай деп ант берді Жаратқан, Шынайы сертін бұзбайды Ол ешқашан: «Бір ұрпағыңды өзіңнен тараған Мен сенің тағыңа отырғызамын.

[12] Келісімім мен ережелерімді Ұрпақтарың Өзімнен үйренеді. Егер соларды ұстанатын болса, Олардың ұрпақтары сенің тағыңда Әрқашан отыратын болады да».

[13] Өйткені Жаратқан Ие Сионды таңдады, Оның жердегі тұрағы болуын қалады:

[14] «Бұл — Менің тынығар мәңгілік тұрағым, Мен мұнда орнығамын, сол — Менің қалауым.

[15] Бұл қаланы өркендетіп, жарылқаймын, Мұқтаждарын тамақпен қарық қыламын.

[16] Діни қызметкерлерге құтқаруды мол сыйлаймын, Өзіме адалдар шаттана ән-жыр айтсын.

[17] Мұнда Дәуіттің күшті ұрпағын шығарамын, Бұл патшамның өмір шырағын жандырамын,

[18] Басындағы тәжін жарқыратамын, Ал оның жауларын ұятқа қалдырамын».

Забур жырлары — Chapters