[1] Пәк таза да тура жолмен жүріп, Жаратқанның тәліміне бағынғандар бақытты!
[2] Иеміздің ережелерін ұстанып, Шын жүректен Оған бет бұрғандар бақытты!
[3] Олар әділетсіздік істемейді, Тек Жаратқанның жолымен ғана жүреді.
[4] Ием, тұрақты орындауымыз үшін, Өз бұйрықтарыңды шығарған едің.
[5] Сенің жарлықтарыңа бағынып мен Жүре берсем, шіркін, тура жолыңмен!
[6] Сонда ден қойып бар өсиеттеріңе, Ешқашан масқара болмас та едім.
[7] Әділ шешімдеріңді үйренгенде Сені дәріптеймін таза жүрекпен.
[8] Мен жарлықтарыңды ұстана берем, Жалғыз қалдыра көрме мені мүлдем.
[9] Жастар қалай таза жолмен жүре алады? Сөзіңе бағынып соны істей алады.
[10] Шын жүректен Саған бет бұрып келемін, Тайдыра көрме мені өсиеттеріңнен.
[11] Күнә жасамауым үшін Саған қарсы, Жүрегіме сақтадым айтқандарыңды.
[12] Даңқталуға лайықсың, уа, Жаратқан, Үйрете гөр жарлықтарыңды маған.
[13] Мен дауыстап айтып та отырамын Бар шешімдеріңді Өзің шығарған.
[14] Жұрт шаттана қуанғандай мол байлыққа, Мен ережелеріңмен жүремін шаттана.
[15] Бұйрықтарың жайлы терең ойланамын, Сенің жолыңа мұқият ден қоямын.
[16] Жарлықтарыңды қуана орындаймын, Сөздеріңді ешқашан ұмытпаймын.
[17] Уа, Ием, мол мейірім көрсете гөр маған, Сонда аман болып, сөзіңді сақтай аламын.
[18] Рухани көзімді аша гөр менің, Тәліміңнен кереметтер көрейін.
[19] Бұ дүниеде жат жерлік кірмедеймін. Өсиеттеріңді жасыра көрме менен.
[20] Шешімдеріңді үйренуді сағынып, Жаным әрдайым шөліркейді зарығып.
[21] Сөгіп ескертесің тәкаппар адамдарды, Өсиеттеріңнен тайған сол қарғалғандарды.
[22] Масқара, қорлықты алып тастай гөр менен, Ережелеріңді ұстанып келемін мен.
[23] Әкімдер жиналып, мені өсектегенмен, Жарлықтарың жайлы толғанамын, уа, Ием.
[24] Ережелеріңнен рақат табамын, Олар маған ақыл береді әрдайым.
[25] Ажал аузында жанымның жатқаны-ай, Аман сақтай гөр берген уәдеңе сай!
[26] Жүрген жолдарымды айтып бергенімде Өзің құлақ салып, жауап бердің де, Жарлықтарыңды маған үйрете гөр енді.
[27] Ұқтыра гөр бұйрықтарыңның мағынасын, Кереметтерің жайлы терең ойланамын.
[28] Жаныма қайғы батып, шаршап-шалдыққам, Уәдеңе сәйкес күш сыйлай гөр маған.
[29] Тәліміңді маған сыйлап рақымменен, Жалғандық жолын алшақтата гөр менен.
[30] Шындық жолымен жүруді таңдап алдым да, Шешімдеріңді ұстаймын мен көз алдымда.
[31] Берік ұстанамын Сенің ережелеріңді, Уа, Жаратқан, ұятқа қалдыра көрме мені.
[32] Менің жүрегімді азат еттің Сен, Жүремін өсиеттеріңнің жолымен.
[33] О, Ием, үйретсеңші жарлықтарыңның жолын, Оны соңына дейін берік ұстанбақпын.
[34] Түсінік сыйлашы, тәліміңді сақтамақпын, Оған шын жүректен мойынсұнбақпын.
[35] Жүргізе гөр мені өсиетіңнің жолымен, Содан зор қуаныш тауып келемін мен.
[36] Жан дүнием пайдақорлыққа салынбасын, Оны ережелеріңе құштар етсең, шіркін!
[37] Бос нәрселерге түсірмей көзімді, Өз жолыңда жаңарта гөр өмірімді.
[38] Ием, орындай гөр маған берген сөзіңді, Содан бәрі терең қастерлесін Өзіңді.
[39] Менен алшақтата гөр үрейлі масқараны, Себебі шешімдерің сондай жақсы!
[40] Қалаймын бұйрықтарыңа бағынуды, Әділдігіңмен сергіте гөр жанымды.
[41] Уа, Жаратқан, маған рақымыңды түсіре гөр, Берген сөзіңе сай мені құтқара гөр.
[42] Сонда сөккенге жауап бере аламын, Сенің сөзіңе сенімімді артамын.
[43] Шындық сөзін алып қойма аузымнан, Шешімдеріңе үмітімді артамын,
[44] Тәліміңді мен ұдайы ұстанамын, Әрдайым оны орындайтын боламын.
[45] Содан жүрісім де болады емін-еркін, Себебі бұйрықтарыңа бет бұрып келемін.
[46] Патшалар алдында ережеңді айтамын, Сонда ешқандай қаймықпайтын боламын.
[47] Өсиеттеріңді қатты ұнатамын, Олардан жұбаныш пен рақат табамын.
[48] Өсиеттеріңді сүйіп, қабылдаймын, Жарлықтарың жайлы үңіле ойлаймын.
[49] Ескере гөр пендеңе берген уәдеңді, Өзің қалайсың соған үміттенуімді.
[50] Сенің сөзің мені жандандырады, Бұл мені жапа шеккенде жұбатады.
[51] Паң жандар мені мазақтай бергенмен, Тағылымыңнан тайып кетпедім мен.
[52] Ежелгі шешімдеріңді еске аламын, Уа, Жаратқан, содан жұбаныш табамын.
[53] Тағылымыңнан безген зұлымдарды Көргенімде ашу кернейді бойымды.
[54] Жат жерлік болып тұрған жақтарда мен Жарлықтарыңды жырлап жүремін.
[55] Уа, Жаратқан, түнде атыңды есіме саламын, Сенің тәліміңді ұдайы ұстанамын.
[56] Бұл менің берік әдетіме айналды: Іске асырамын берген бұйрықтарыңды.
[57] Уа, Жаратқан, Өзіңсің менің үлесім, Сөздеріңді сақтаймын деп уәде бердім.
[58] Шын жүректен сиынып келемін Саған: Уәдеңе сай рақымды бола гөр маған.
[59] Жүрген жолдарыма түңіле толғандым, Ережелеріңмен жүруге бел будым.
[60] Мен өсиеттеріңді тез орындап, Кешеуілдеткен жоқпын жалтақтап.
[61] Зұлымдар шырмап алды айналамды, Ал мен ұмытпадым тағылымыңды.
[62] Сені әділ шешімдеріңе бола Дәріптеймін, тұрып түн ортасында.
[63] Мен Сені терең қастерлеген жандардың Әрі бұйрықтарыңды ұстанғандардың Барлығымен де жақын жолдаспын.
[64] Жер мейіріміңе толы, о, Жаратқан, Жарлықтарыңды үйрете гөр маған.
[65] Берген сөзіңе сай, уа, Жаратқан, Көп жақсылық жасап келесің маған.
[66] Мені үйретші дұрыс түсінік пен білімге, Себебі сенемін Сенің өсиеттеріңе.
[67] Мен азап шекпес бұрын жолдан адасқан едім, Ал енді Сенің сөзіңді сақтап жүремін.
[68] Ізгісің Сен, істейсің игі істеріңді, Үйрете көрші маған ережелеріңді.
[69] Тәкаппарлар жапса да маған жалаларын, Мен шын жүректен бұйрықтарыңа бағынамын.
[70] Олардың жүрегі сезімсіз боп қасарысқан, Ал мен рақат табамын тағылымыңнан.
[71] Үйренуім үшін жарлықтарыңды, Азап шеккенім маған жақсы болды.
[72] Мыңдаған алтын-күміс ақшалардан Аузыңнан шыққан тәлімің қымбат маған!
[73] Сенің қолың мені жаратып қалыптастырды, Енді түсінік сыйлап, үйрете гөр бұйрықтарыңды.
[74] Сені қастерлейтіндер мені көргенде шаттансын, Себебі Сенің сөзіңе сенімімді артамын.
[75] Сенің шешімдеріңнің әділдігін мойындаймын, Мені жазалағаның да әділ, уа, Жаратқаным.
[76] Осы пендеңе берген уәдеңе сай мейірімің Маған ұдайы жұбаныш бола берсін.
[77] Рақымың түсіп, мен аман болайын, Тағылымыңнан қуаныш табайын.
[78] Мені себепсіз езген паңдар масқаралансын, Ал мен бұйрықтарың туралы толғанамын.
[79] Қастерлеп Сені, ережелеріңді білетін Кісілер маған бет бұрып, қосылса, шіркін!
[80] Масқара болмауым үшін жүрегім менің Жарлықтарыңа түгел адал бола берсін!
[81] Құтқаруыңды аңсап шаршап келемін, Бірақ Сенің сөзіңе үміттенемін.
[82] «Мені қашан жұбатасың?» деп зарығып, Көзім талды сөзіңнің іске асуын тосып.
[83] Түтінге қақталған торсықтай мен Еш нәрсеге жарамсыз көрінгенмен, Шығармадым жарлықтарыңды есімнен.
[84] О, Ием, мен тағы қанша уақыт тосайын, Мені қудалағандарды қашан соттайсың?
[85] Сол тәкаппарлар Сенің заңыңа қарсы Мені құлатпақ болып терең ор қазды.
[86] Күллі өсиет атаулың адал да ақиқат, Жар бола гөр, жау артымнан қуады нақақ!
[87] Олар мені аластата жаздады жерден, Бірақ Сенің бұйрықтарыңнан безбедім мен.
[88] Сақтауым үшін шығарған ережелеріңді, Рақымыңа сай нығайта гөр өмірімді.
[89] Сенің айтқан сөздерің, Жаратқан Ием, Көкте тұр мәңгілікке бекітілген!
[90] Күллі келер ұрпаққа адал боласың, Жер бола береді, Сен оны орнаттың.
[91] Шешімдеріңе сай бұған дейін бәрі тұрады, Бір Өзіңе барлығы да қызмет қылады.
[92] Сенің тәлімің мені жұбатып қуантпағанда, Құрып кеткен болар едім мүшкіл жағдайымда.
[93] Ешқашан ұмытпаймын ережелеріңді, Солармен аман сақтайсың өмірімді.
[94] Құтқара гөр мені, себебі Сенікімін, Мен бұйрықтарыңа көңіл бөліп келемін.
[95] Зұлымдар аңдып жүр мені құртуға, Мен болсам үңілемін жарлықтарыңа.
[96] Әр кемелдіктің шегі бар екенін түсіндім, Ал аясы шексіз Сенің өсиеттеріңнің!
[97] Сенің тәліміңді сондай қатты сүйемін! Күні бойы сол жайлы ойланып та жүремін.
[98] Өсиеттерің есімде мәңгі бақи қалады, Олар мені жауларымнан парасатты қылады.
[99] Бар ұстазымнан терең ұға аламын, Себебі жарлықтарың туралы толғанамын.
[100] Тіпті жасы үлкендерден де білімдірекпін, Себебі бұйрықтарыңды сақтап келемін.
[101] Сенің сөздеріңді ұстанып келемін, Сол үшін теріс жолдан аулақ жүремін.
[102] Сенің шешімдеріңнен тайып кетпеймін, Өйткені Өзің маған тәлім беріп келесің.
[103] Қандай тамаша Сенің сөзіңнің дәмі, Ол тіпті тіл үйірген балдан да тәтті!
[104] Ақыл-кеңес табамын бұйрықтарыңнан, Бар жалған жолдар сондай жексұрын маған!
[105] Сенің сөздерің қадамдарымды жарқыратады, Өмір жолыма шам-шырақтай нұрын шашады.
[106] Мен ант еттім әділ шешімдеріңді сақтауға, Сөзімде тұрып, сертімді орындаймын да.
[107] Уа, Жаратқан Ие, қиналып жүрмін тым қатты, Берген сөзіңе сай өмірімді жаңартсаңшы!
[108] Аузымнан шыққан мадақтауымды, уа, Жаратқан, Ерікті сый-тарту деп менен қабылдасаң, Әрі өз шешімдеріңді үйретсеңші маған,
[109] Әрқашан жанымды қиюға дайынмын, Сенің тәліміңді есімнен шығармаймын!
[110] Зұлымдар маған тор салып, тұзақ құрған, Ал мен тайып кетпедім бұйрықтарыңнан.
[111] Ережелеріңді қабылдадым мәңгі мұраға, Жүрегімді кенелтеді олар қуанышқа.
[112] Жүрегімде нық шешім қабылдадым бағынуға Ақырына дейін Сенің жарлықтарыңа.
[113] Жалтақтайтын жандарды еш жақтырмаймын, Сенің тәліміңді қатты ұнатамын!
[114] Сен қорғанымсың әрі қалқаным, Сенің сөзіңе сенімімді артамын.
[115] Әй, әділетсіздер, аулақ кетіңдер қасымнан, Құдайымның өсиеттерін ұстанатын болам.
[116] Тірі қалуым үшін мені қолдасаңшы, Берген уәдең бойынша нығайтсаңшы, Үмітім Өзіңде: ұятқа қалдырмасаңшы.
[117] Мені қолдай гөр, сонда аман қаламын, Жарлықтарыңа ұдайы ден қоямын.
[118] Жарлықтарыңнан безгендерді құлатасың, Құр бекер — айлалы қылықтары олардың.
[119] Қоқыстай шығарасың жердің бар зұлымдарын, Ережелеріңді сондықтан қатты ұнатамын.
[120] Тұла бойым дірілдеп Сенен қорқамын, Шешімдеріңді елемеуден шошынамын.
[121] Қуғыншылардың қолына түсіре көрме мені, Жасап келемін ғой әділ де дұрыс істерді.
[122] Осы пендеңді игілікке жеткізіп, қолдай гөр, Паң жандардың жәбірінен мені сақтай гөр!
[123] Әділ уәдеңнің іске асуын тосып, Көзім талды құтқаруыңды аңсай күтіп.
[124] Осы пендеңе рақымшылықпен қарай гөр, Жарлықтарың жайлы тәлім бере гөр.
[125] Пендеңмін, түсінік сыйлай гөр маған, Сонда ережелеріңді ұғына аламын.
[126] Уа, Жаратқан, шара қолданатын уақытың жетті: Адамдар Таурат заңыңа бағынбай кетті!
[127] Ал мен Сенің өсиеттеріңді алтыннан Артық көремін, әрі саф алтыннан!
[128] Содан бар бұйрықтарыңды әділ деп санаймын, Бүкіл бұрыс жолдарды да жақтырмаймын.
[129] Сондай керемет — Сенің ережелерің, Сондықтан оларға шын жүректен көнемін.
[130] Мәнісі ашылғанда сөздерің нұрын шашады, Білімсіздердің де санасын оятып ашады.
[131] Аузын ашып, ауаға зәру болған кісідей, Мен шексіз құштармын Сенің өсиеттеріңе.
[132] Есіміңді сүйген өзгелерге істегеніңдей, Маған да бет бұрып, көрсете гөр мейіріміңді.
[133] Қадамдарымды табанды ете гөр сөзіңмен, Еш жамандық жүргізбесін маған өктемдігін!
[134] Мені құтқара гөр адамдардың езгісінен, Сонда бұйрықтарыңды сақтай аламын мен.
[135] Уа, Ием, маған нұрын төгіп бет-жүзіңнің, Үйрете гөр ережелеріңді Өзіңнің.
[136] Көпшілік көнбегендіктен тағылымыңа, Көз жасым менің көл болып ағылуда.
[137] Уа, Жаратқан Ие, Сен әділсің, Әрі әділетті күллі шешімдерің!
[138] Әділдікпен және шексіз адалдықпен Ережелеріңді белгілеп бердің Сен.
[139] Сөздеріңді менсінбейді дұшпандарым, Соған қатты налып, шаршап-шалдығамын.
[140] Уәделеріңнің шындығы іс жүзінде сыналған, Уа, Ием, оларды қатты ұнатамын сондықтан.
[141] Жұрт менсінбей, кішік болғаныммен, Бас тартпаймын Сенің ережелеріңнен.
[142] Сенің әділдігің — мәңгі бақи хақ, Әрі тағылымың — нағыз ақиқат.
[143] Ауыртпалыққа ұшырап, қысылып қалдым, Ал өсиеттеріңнен жұбаныш пен рақат таптым.
[144] Мәңгілік әділетті ережелерің Сенің, Түсінік сыйлай гөр шын өмір сүруім үшін.
[145] Уа, Ием, шын жүректен Саған сиынамын: Құлақ сала гөр, жарлықтарыңа бағынамын.
[146] Мені құтқара гөр деп Саған жалынамын, Ережелеріңді ұстанатын боламын.
[147] Таң атпас бұрын Сені көмекке шақырамын, Сенің берген сөзіңе сенімімді артамын.
[148] Сөзіңе терең үңілу мақсатында Ұйқыдан бас тартамын таң алдында.
[149] Уа, Ием, рақыммен үніме құлақ сала гөр, Әділдігіңе сай өмірімді нығайта гөр!
[150] Сұм жоспар құрғандар таяп қалды маған, Олар алшақтап кетті тағылымыңнан.
[151] Ал, Жаратқан Ие, Сен маған жақынсың, Нағыз шындық — күллі өсиет атаулың.
[152] Баяғыда-ақ мен Сенің ережелеріңнен Оларды мәңгілік орнатқаныңды білгенмін.
[153] Мүшкіл халіме көз салып құтқарсаңшы, Есімнен шығармадым тағылымыңды.
[154] Сен мені жақтап, мүддемді қорғасаңшы, Уәдеңе сәйкес өмірімді сақтасаңшы.
[155] Құтқарылу тым алыс зұлымдардан, Өйткені олар безеді жарлықтарыңнан.
[156] Уа, Ием, ұлан-ғайыр — Сенің мейірімің, Шешіміңе сай нығайта гөр өмірімді менің.
[157] Мені қудалауда жаулар сонша көптеген, Бірақ мен бас тартпаймын ережелеріңнен.
[158] Опасыздарды көргенде жиренемін, Олар сақтамайды сөздеріңді Сенің.
[159] Бұйрықтарыңды қалай сүйетініме қарасаңшы, О, Ием, рақымыңа сай өмірімді нығайтсаңшы.
[160] Түп-тамырымен ақиқат Сенің сөздерің, Әділетті де мәңгілік әрбір шешімің.
[161] Басшылар жазықсыз мені қудалайды, Ал жүрегім сөздеріңді қастерлеп қалтырайды.
[162] Зор олжаға тап болған адам сияқты, Сенің сөздеріңе қуанамын сондай қатты!
[163] Жалғандықты жек көріп, одан жиренемін, Өзіңнің тағылымыңды қатты сүйемін!
[164] Өзіңді әділетті шешімдерің үшін Сені күніне жеті рет дәріптеудемін.
[165] Тәліміңді сүйгендер тыныштыққа кенелер, Ештеңеге сүрінбей, аман-есен жүрер.
[166] Уа, Ием, өсиеттеріңді іске асырамын, Мені құтқарасың деп үміттене тосамын.
[167] Ережелеріңді жан дүниемде сақтап келемін, Өйткені мен оларды қатты сүйемін.
[168] Мойынсұнамын ережелерің мен заңдарыңа, Барлық жүрген жолдарым Сенің көз алдыңда.
[169] Жалбарынған үнім құлағыңа жетсе екен, Түсінік сыйлай гөр уәдеңе сай, уа, Ием.
[170] Өтінішім Өзіңнің алдыңа жетсінші, Берген сөзіңе сай мені құтқара көрші.
[171] Сен маған үйреткендіктен ережелеріңді, Лайым аузым мадақтай берсін Өзіңді.
[172] Тілім сөздеріңді ән-жырға қоса берсін, Өйткені әділ күллі өсиеттерің Сенің.
[173] Бұйрықтарыңды орындаймын деп шешкенмін, Құдіретті қолың маған көмектесе көрсін.
[174] Уа, Жаратқан Ием, құтқаруыңды аңсап тосамын, Сенің тағылымыңнан зор қуаныш табамын.
[175] Жаным аман қалып, Сені дәріптей берсін, Шешімдерің тірек болып мені қолдай көрсін.
[176] Жоғалған қой іспетті адасып келемін, О, Ием, іздеп мені, қасыңа қайтарсаң екен, Өсиеттеріңді енді шығармаймын есімнен.