[1] (Асафтың жыры.) Құдіреті шексіз Құдай — Жаратқан Үн қатып, батысқа дейін күншығыстан Әлемдегі адамзатты шақырған.
[2] Мүлтіксіз көрікті Сион тауынан Құдайдың салтанаты көрініс тапқан.
[3] Құдайымыз келеді, Ол үнсіз қалмайды, Оның алдынан от жалындап жалмайды, Алапат дауыл айналасында соғады.
[4] Құдай көк пен жерді куәлікке шақырады, Өзі таңдаған халқын соттауға барады:
[5] «Қасыма жинаңдар Менің сенімді халқымды, Құрбандық шалып Өзіммен Келісім жасағандарды!»
[6] Көк сонда Оның әділдігін паш етеді, Себебі соттайтын — Құдайдың Өзі.
[7] «Тыңда Мені, Исраил халқым, былай деймін: Саған қарсы куәлік келтіремін, Мен Құдаймын, иә, сенің Құдайыңмын!
[8] Шалған малдарың үшін шағым айтпаймын, Өртеп ұсынған құрбандықтарыңа қараймын.
[9] Ал қаламаймын бұқаларды қораларыңнан Яки текелерді шарбақтарыңнан,
[10] Өйткені орманның әр аңы Менікі, Әрі малдар да мыңдаған төбедегі,
[11] Барлық құсты білемін таулардағы, Хайуандар да Менікі даладағы.
[12] «Ашықсам» Мен саған айтпас та едім, Бар әлем мен ондағылар — өз меншігім.
[13] Шалынған бұқаның етін жеймін бе, Не текелердің қанын ішемін бе?
[14] Жоқ, тарту қылып мақтау ұсын Құдайға, Берген сертіңді орында Алла Тағалаға.
[15] Қиындық көргеніңде шақыр Мені, Сонда құтқарып аламын сені, Ал өзің мадақтайтын боласың Мені».
[16] Бірақ Құдай былай дейді арамзаға: «Қандай қақың бар жарлықтарымды айтуға Және Келісімімді аузыңа алуға?
[17] Алайда сен ескертуімді жек көресің, Айтқан сөздерімді менсінбей жүресің.
[18] Ұрыны көрсең оған қосыласың, Нәпсіқұмарлармен де араласасың.
[19] Сенің аузыңнан жамандық шығады, Тілің өтірікті торлап тұрады.
[20] Отырып алып бауырыңды ғайбаттайсың, Өз анаңның ұлын нақақ жамандайсың.
[21] Сен солай істегенде Мен үндемедім, Сонда Мені өзіңдей есептедің. Ал қазір Мен сені сақтандырамын, Күнәларыңды көз алдыңа қоямын».
[22] «Құдайын ұмытқандар, ұғыңдар бұл жайды: Жазалап, паршаласам, ешкім құтқармайды.
[23] Мені мақтайтын жан құрмет көрсетеді Маған, Сақтанып жүргенге құтқаруымды ашам».