Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 2:08

[1] Әділдер, қуана мақтаңдар Жаратқанды, Адал жандардың мақтауы жарасымды.

[2] Жаратқанды домбырамен мадақтаңдар, Он ішекті жетігенмен күй тартыңдар,

[3] Оған бағыштап жаңа ән айтыңдар, Мәнерлеп ойнап, шаттана айқайлаңдар!

[4] Өйткені Жаратқанның сөзі шынайы, Ол бар істерін адалдықпен жасайды,

[5] Иеміз әділет пен әділдікті қалайды, Оның рақымына толы жердің барлығы.

[6] Жаратқанның сөзімен аспан жаралды, Аузының лебімен жұлдыздар да жасалды.

[7] Теңіздің суларын Ол жинап, шек қойды, Түпсіз мұхитты «қоймаларына» құйды.

[8] Күллі жер Жаратқан Иені қастерлесін, Әлемнің бар халқы Оны құрметтесін,

[9] Өйткені Ол сөз айтқанда орындалды, Бұйрық бергенде бар болып, берік тұрды.

[10] Иеміз бағынбайтын ұлттардың ойларын Шайқалтып, жояды арамза жоспарларын.

[11] Жаратқанның жоспары мәңгі берік тұрады, Бар ұрпақтарға ниеті нық сақталады.

[12] Құдайы — Жаратқанға сиынған ұлт бақытты, Ол меншігіне таңдаған халық жарылқаулы!

[13] Жаратқан Ие көктен жерге қарар, Сонда күллі адамзатты көзімен шолар,

[14] Өз тағынан жер тұрғындарын байқар.

[15] Ол бәрінің жүректерін жаратты, Бүкіл істерін толық ұғынады.

[16] Патшаны қалың жасағы құтқармайды, Жауынгер зор күшімен қорғана алмайды,

[17] Тұлпар да құтқаруға жарамайды, Ерен күшімен де құтылта алмайды.

[18] Бірақ Өзін терең қастерлейтіндерге, Рақымына үмітін жүктегендерге Назарын салады Жаратқан Ие

[19] Оларды ажалдан құтқару үшін, Ашаршылықта аман сақтау үшін.

[20] Жаратқанға шын көңілден сенім артамыз, Ол — қолдаушымыз, қалқандай қорғаушымыз.

[21] Жүрегіміз шаттанады Иемізге, Кәміл сенеміз киелі есіміне!

[22] Үмітіміз Өзіңде, уа, Жаратқан Ие, Берік мейіріміңмен жар бола гөр бізге.

Забур жырлары — Chapters