Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 1:50

[1] (Қорах ұрпақтарының әні әрі жыры.)

[2] Құдайдың таңдап алған қаласында, Оның қасиетті Сион тауында Жаратқан Иеміз теңдессіз ұлы, Ол мадақталуға әбден лайықты!

[3] Әсем де биік Сион тауы — Күллі әлемнің қуанышы, Таудың солтүстік жағындағы Ұлы Патшаның астанасы.

[4] Бекіністі сарайларында Құдай Белгілі қорғаушы, баспанадай.

[5] Патшалар күштерін жинаған еді, Шайқасқа бірігіп аттанған еді.

[6] Олар қаланы көріп, аң-таң болды, Үрейленіп, түгел қаша жөнелді,

[7] Бойларын қорқыныш кернеді, Толғатқан әйелдей қиналды.

[8] Теңіз кемелерін шығыстың дауылы Қиратқандай, құрттың Сен оларды.

[9] Құлағымызбен мынаны естіген едік, Әлем Иесінің қаласынан соны көрдік, Иә, Құдайымыздың осы шаһарынан: Өз қаласын нығайтады Ол әрқашан.

[10] Уа, Құдай, ғибадатханаңда Ойландық мейірімің жайында,

[11] Уа, Құдайым, Сенің атың да, Саған арналған мадақтау да Жердің төрт бұрышына жайылады, Құдіретті қолың әділдік орнатады.

[12] Сенің әділ билігіңе бола Шаттанады Сион тауы да, Қуанады Яһуда қалалары да.

[13] Сионға жақындап барыңдар, Шаһарды айналып шығыңдар, Барлық мұнараларын санаңдар,

[14] Қамалдарына назар аударыңдар, Сарайларын да қарап шығыңдар. Келер ұрпаққа мынаны айтыңдар:

[15] «Бұл Құдай — мәңгілік Құдайымыз, Деміміз біткенше Ол — жетекшіміз!»

Забур жырлары — Chapters