Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 2:14

[1] (Ән-күйдің жетекшісіне арналған Қорах ұрпақтарының насихат жыры.)

[2] Марал қалай аңсаса мөлдір суды, О, Құдай, жаным солай Сені аңсайды.

[3] Жаным шын Құдайды іздеп шөліркейді, Қашан мен Құдайыма бара аламын, Қашан Оның алдында бола аламын?

[4] Көз жасымды көл қыламын күндіз-түні, Себебі адамдар менен күні бойы: «Құдайың қайда?» деп сұрай береді.

[5] Сырымды Саған ақтарған кезімде Мынау бірден түседі менің есіме: Мен көпшілікті жетелеген едім, Құдайдың үйіне қарай өрледім, Мейрамдаған халықпен бірге жүрдім, Шат-шадыман болып шүкірлік еттім.

[6] Жан дүнием, неге сен мұңаясың, Бойымда алаңдап, неге мазасызсың? Жалғыз Құдайдан үмітіңді үзбе! Өйткені Құтқарушымды — өзімнің Құдайымды мадақтаймын әлі де.

[7] Мұңаяды ішімдегі жан дүние. Мен Иордан жағасындағы елде, Хермон, Мизар тауларының жерінде Аңсап ойлайтын боламын Сені.

[8] Сарқыраған суларың долданғанда Ұласа береді тасқын тасқынға, Сенің бар суларың, толқындарың да Мені басып, асып кетіп жатты да.

[9] Жаратқан күндіз рақым жасап маған, Мен Оны түнде мақтап, жырлап шығам, Һәм мінажаттарымды бағыштаймын Құдайыма Өзіме өмір сыйлаған.

[10] Маған жар болып келген Құдайдан: «Неліктен Сен мені есіңнен шығардың? Неліктен мен қысым көріп жауымнан, Сонша қайғырып жүрмін?» деп сұраймын.

[11] Дұшпандарымның табалаған мазағы Жаныма менің қатты батады, Себебі олар менен күні бойы: «Құдайың қайда сенің?» деп сұрайды.

[12] Жан дүнием, неге сен мұңаясың, Бойымда алаңдап, неге мазасызсың? Жалғыз Құдайдан үмітіңді үзбе! Өйткені Құтқарушымды — өзімнің Құдайымды мадақтаймын әлі де.

Забур жырлары — Chapters