[1] (Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің жыры,
[2] Барсабиямен жақындасып күнәға батқан Дәуітке Натан пайғамбар келген оқиғаға байланысты мінажат.)
[3] Шексіз сүйіспеншілігіңе бола, О, Құдай, маған рақым ете гөр, Мейіріміңнің молдығына бола Қылмыстарымды өшіріп тастай гөр.
[4] Мені әділетсіздігімнен арылтып, Күнәларымнан түгел тазарта гөр.
[5] Қылмыстарымды жақсы білемін де, Күнәларым әрдайым тұр есімде.
[6] Мен Өзіңе қарсы күнә жасадым, Сенің көз алдыңда зұлымдық істедім. Осылай әділ Сенің айтқандарың, Мүлтіксіз де маған жүргізген сотың.
[7] Мен күнәкар болып дүниеге келдім, Құрсақта жатқанда-ақ күнәкар едім.
[8] Сен жүректің таза болуын қалайсың, Жан дүниеме даналық та құясың.
[9] Құрбандық қанын бүркіп, күнәмді кеше гөр, Сонда көз алдыңда пәк таза боламын, Күллі күнәмнан мені жуып-шая гөр, Сонда қардан да аппақ тазарамын.
[10] Шаттық үнін маған қайтадан естірте гөр, Сен әлсіреткен денемді қуанта гөр,
[11] Күнәларыма енді назар аудармай, Бар қылмыстарымды өшіріп тастай гөр.
[12] Уа, Құдайым, жүрегімді тазарта гөр, Рухымды берік қылып, жаңарта гөр.
[13] Қасыңнан мені қуып шыға көрме, Киелі Рухыңды менен ала көрме,
[14] Мені құтқарғаныңа қуантып тағы, Сыйлай гөр азғырылмайтын берік рухты.
[15] Қылмыскерлерге ақ жолыңды үйретейін, Күнәкарлар сонда Саған бұрмақ беттерін.
[16] Қан төккен мені арылтсаңшы кінәмнан, Сенсің ғой жалғыз Құтқарушы Құдайым. Тіліммен әділдігіңді мадақтаймын.
[17] Аузыма ерік бере гөр, Жаратқан Ием, Сені емін-еркін мадақтап, дәріптейін.
[18] Құрбандық шалуымды қаламай тұрсың, Өртеу құрбандығын да ұнатпай тұрсың, Әйтпесе оларды ұсынар да едім.
[19] Ал Құдайға ұнамды сый, құрбандық — Күнәсіне шынымен өкінген рух. Шын опық жеп, бағынған жүрекке Сен Теріс қарамайсың, уа, Құдай Ием.
[20] Игі еркіңмен Сионды өркендете гөр, Қамалын оның қайта тұрғыза гөр.
[21] Сонда Саған ұнамды пәк тартулар Шалынбақ һәм өртелетін құрбандықтар, Үстеліңе торпақтар да ұсынылмақ, Сенің жолыңа солар бағышталмақ.