[1] (Дәуіттің мінажаты.) Уа, Жаратқан, жарлымын, зәрумін көмегіңе, Құлақ тосып, жауап берші өтінішіме.
[2] Құдайым, қорғай гөр жанымды Саған арналған, Құтқара гөр құлыңды Өзіңе сенім артқан.
[3] Рақымыңды түсіре гөр, уа, Жаратқан Ием, Күнде Саған үздіксіз сиына берем.
[4] О, Жаратқан, жадырата гөр пендеңнің жанын, Себебі бір Өзіңе сенімімді артамын.
[5] Уа, Ием, Өзіңе сиынғанның барлығына Кешірімді де ізгісің, шексіз рақымды да.
[6] О, Жаратқан, мінажатыма құлақ сала гөр, Жалбарынған дауысыма көңіліңді бөле гөр.
[7] Тек Өзіңе сиынамын күн туғанда басыма, Өйткені жауап бересің Сен мінажатыма.
[8] Уа, Ием, ұлттардың табынатын тәңірлері Арасында жоқ Сендей бірде-біреуі! Сенің жасаған кереметтерің іспетті Жоқ басқа ешкімнің де ғажайып істері.
[9] Өзің жаратқан күллі ұлттар алдыңа келеді, Есіміңді ардақтап бастарын иеді.
[10] Себебі Сен ұлысың, ғажап істер жасайсың, Уа, Жаратқан Ие, жалғыз Өзің Құдайсың!
[11] О, Жаратқан, ақ жолыңа бағыттай гөр мені, Өзіңнің шындығыңа сәйкес жүргім келеді, Тек Сені ардақтауға нығайтшы жүрегімді.
[12] Уа, Құдай Ием, Өзіңді шын жүректен мақтаймын, Әрі Сенің есіміңді мәңгі бақи даңқтаймын.
[13] Сондай зор Сенің маған түсірген шапағатың, О дүниенің тұңғиығынан аман сақтадың!
[14] Тәкаппар жандар маған қарсы бас көтереді, Қатыгездер тобы мені құртқысы келеді, Олар Саған мойынсұнып, менсінбейді.
[15] Ал Сен рақымды да қайырымды Құдайсың, Уа, Ием, Сен тез қаһарланбайсың, Шексіз Сенің мейірімің мен адалдығың.
[16] Маған көз қырыңды салып рақым ете көрші, Қызметшіңмін, нығайтып, аман сақтай көрші,
[17] Маған ізгілікпен қарайтыныңды көрсетші! Уа, Жаратқан, жауларым соны көріп, ұялсын, Өйткені Өзің маған демеу болып, жұбаттың.