[1] (Ән-күйдің жетекшісіне арналған, сыбызғылардың сүйемелдеуімен айтылатын Дәуіттің жыры.)
[2] Уа, Жаратқан Ием, сөзіме құлақ түре гөр, Қасіретті ойларыма көңіл бөле гөр,
[3] Құлақ салсаңшы дауысыма зар жылаған, О, Патшам, Құдайым менің, сиынамын Саған.
[4] Уа, Ием, ертеңгісін ести гөр дауысымды, Таң ата алдыңа келіп, күтемін жауабыңды.
[5] Себебі Сен, Құдайым, зұлымдықты құптамайсың, Жамандық атаулыны қасыңа жолатпайсың.
[6] Мақтаншақтар тұра алмас көз алдыңда Сенің, Заңсыздық істейтіндердің бәрін жек көресің.
[7] Өтірік айтқандардың көзін құртып жібересің, Уа, Ием, Сен қанішер, опасыздан жиренесің.
[8] Ал мен мол рақымыңның арқасында Өзіңнің киелі үйіңе кіремін, Қасиетті ғибадатханаңның алдында Өзіңді терең қастерлеп бас иемін.
[9] О, Ием, мені Өзіңнің тура жолыңмен Жауларыма бола бастап алып жүрші, Жолыңды Өзің маған белгілеген Алдымнан анықтап, тегістеп берші.
[10] Себебі жауларымның сөздерінде жоқ шындық, Жүректерінде ағыл-тегіл мол зұлымдық, Арандары олардың көрдей ашық, Майда тілдерімен айтады жалғандық.
[11] Уа, Құдайым, үкімдерін шығаршы, Құрған тұзақтарына өздерін құлатшы, Мол күнәлары үшін қуып шықшы, Өйткені олар Саған қарсы шықты.
[12] Өзіңе үміт артқандар шаттансын, Лайым қуана мадақтап ән салсын. Өзіңді сүйгендер Сені айтып мақтансын, Олардың бәрін Сен қолдап-қорғайсың.
[13] Уа, Ием, Сен әділдерді жарылқайсың, Рақымыңмен қалқан іспетті қоршайсың.