[1] Өзіңді паналаймын, уа, Жаратқан, Ұятқа қалдырмашы мені ешқашан.
[2] Сен әділсің, мені босата көрші, Құлақ түріп маған, құтқара көрші.
[3] Бола гөр лайым бас сауғалар панам, Сөзіңе сай құтқаршы, құздай қорғаным!
[4] О, Құдайым, босатшы мені зұлымнан, Күнәкар қанаушының қыспағынан.
[5] Жаратушы Тәңір Ием, үмітім Сенсің, Жастайымнан-ақ Өзіңе сеніп келемін,
[6] Құрсақтан-ақ Саған сүйеніп келемін, Туғаннан-ақ Сен қамқоршымсың менің. Еш таусылмас Сені мадақтайтын әнім.
[7] Көп адамға ғажап белгі іспеттімін, Ал Сен күш-қуатым мен қорғаушымсың.
[8] Өзіңді мадақтауды еш тоқтатпаймын, Сенің көркіңді күнде жырлаймын.
[9] Қартайғанда маған теріс қарай көрме, Күшім қайтқанда мені тастап кетпе.
[10] Жауларым маған қарсы сөз байласуда, Жанымды аңдығандар ақылдасуда:
[11] «Жоқ құтқарушысы, Құдай тастап кетті, Қуып жетіп, ұстап алайық!» деседі.
[12] Уа, Құдай, менен алыстап кетпеші, Құдайым менің, көмекке тез жетші.
[13] Маған мін таққандар ұялып, жоқ болсын, Қастық ойлаған олар ұятқа орансын!
[14] Ал мен әрдайым үмітпен күтудемін, Барған сайын молырақ дәріптеймін,
[15] Сенің әділдігің және құтқаруың Туралы мен күн ұзаққа айтудамын, Маған көрсетіп келген жақсылықтарың Сансыз, олардың бәрін біле алмаймын.
[16] Жаратушы Тәңір Ием, құдіретіңді ойлаймын, Тек Сенің әділдігіңді жұртқа жариялаймын.
[17] Уа, Құдай, жастайымнан мені үйретесің, Әлі де ғажаптарыңды паш етемін.
[18] Қартайып басымды қырау шалғанда, О, Құдайым, мені жалғыз қалдырма, Қайта, құдіретіңді жаңа ұрпаққа, Керемет істеріңді келер буындарға Жол бере көрші маған уағыздауға.
[19] Әділдігің Сенің заңғар аспандай, Ұлы істерді жасап келесің, о, Құдай, Саған тең келер кім бар еді, уа, Құдай?
[20] Көп ауыр азаптар жібердің маған, Қалпына келтіресің бірақ қайтадан Жанымды менің, шығарып тұңғиықтан.
[21] Құрмет сыйлап жұбата гөр жаңадан.
[22] Сонда Сені жетігенмен мадақтаймын, Сен уәдеңе беріксің, уа, Құдайым, Исраил сиынатын Киелі Тәңірім, Саған домбыра тартып әнімді арнаймын,
[23] Шаттанып Саған жырымды бағыштаймын, Өйткені Сен мені құтқардың апаттан.
[24] Иә, күн сайын әділдігің жайлы айтам: Маған қастық ойлағандар ұятқа батқан!