Skip to content
Opens in a new window
Listen to this chapter • 2:29

[1] (Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің жыры.)

[2] Құдайдың салтанатты ұлылығын Аспан әлемі ашық паш етеді, Оның қолының керемет істерін Әуе кеңістігі де көрсетеді,

[3] Осыларды олар жариялайды күнде, Бұл білімді мәлімдейді әр түнде.

[4] Сол «үндерін естімеген» бір тіл де, Ешқандай ұлт та қалмайтын болады.

[5] «Үндері» жайылады бар жер бетіне, «Сөздері» жердің шетіне таралады. Құдай күнді аспанда орналастырған.

[6] Күйеу жігіттей бөлмесінен шыққан Күннің жүзі де қуана нұрланады, Ол жүйріктей жарысуға құлшынады.

[7] Көкжиектің бір шетінен күн шығады, Келесі шетіне өтіп айналады, Ештеңе де қызуынан тыс қалмайды.

[8] Кемелді — Жаратқанның тағылымдары, Жан дүниені олар жаңартады. Ақиқат — Иеміздің жарлықтары, Олар наданды да дана қылады.

[9] Әрі әділ — Жаратқанның бұйрықтары, Олар жүрекке қуаныш құяды. Жаратқанның өсиеттері сондай нұрлы, Көздерді ашып, жарқыратады.

[10] Мойынсұна қастерлеу Жаратқанды: Осы таза ниет мәңгі қалады. Жаратқанның шешімдері шынайы, Барлығы мүлтіксіз де әділетті,

[11] Тіл үйірген таза балдан да тәтті, Алтыннан, саф алтыннан да бағалы.

[12] Бұлардан пендең ескерту алады, Бәрін ұстанғанды зор сый тосады.

[13] Кім байқайды өз теріс қылықтарын? Тазарта гөр, Ием, құпия күнәмнан,

[14] Сақтай гөр әдейі күнә жасаудан, Жамандық жүргізбесін билік маған! Сонда көз алдыңда мінсіз боламын, Ауыр күнәлардан да аулақ тұрамын.

[15] Лайым менің аузымдағы сөздерім Әрі жан дүниемдегі ой-ниеттерім Ұнамды болсын Саған, о, Жаратқаным. Өзіңсің жартастай мықты Қорғаным Һәм Құтқарушым, уа, Жаратқан Ием.

Забур жырлары — Chapters