[1] (Демалыс күні айтылатын ән әрі жыр.)
[2] Қандай ғанибет — Жаратқан Иені мақтау, Уа, Хақ Тағала, есіміңе ән-жыр арнау,
[3] Таң ата жариялап рақымыңды, Кешке де Өзіңнің адалдығыңды,
[4] Он ішекті аспапта әсем күй тартып, Жетіген және домбырамен қосылып.
[5] Уа, Ием, жаратқандарыңа шаттанамын, Ұлы істеріңе қуана ән саламын.
[6] О, Ием, қандай керемет Сенің істерің, Түпсіз терең Сенің ой-ниеттерің!
[7] Ессіз адам ғана бұларды білмейді, Түйсіксіз жан мынаны түсінбейді:
[8] Зұлымдар қазір жерді шөптей қаптайды, Заңсыздық істейтіндер өркендейді, Ал кейін олар мәңгілікке құриды.
[9] Бірақ Сен, уа, Ием, мәңгі үстемсің!
[10] О, Жаратқан, жауларың Сенің, Иә, бар жауларың да сөзсіз құриды, Сол зұлымдық жасайтындар шашырайды.
[11] Маған жабайы бұқадай күш бердің, Басыма май жағып әлдендірдің,
[12] Жауларымның күйрегенін өзім көрдім, Маған қарсы бас көтерген зұлымдардың Жеңілісі туралы хабар алдым.
[13] Әділ жан құрма ағашындай өркендейді, Ливандық самырсындай өсіп биіктейді,
[14] Жаратқанның үйінде ол тамыр жаяды, Құдайымыздың ауласында құлпырады,
[15] Жасы ұлғайса да, жемісін береді, Шырынды, ширақ болып қала береді,
[16] «Жаратқан мінсіз, Ол — қорғанар жартасым» дейді, Осылай Оның әділдігін паш етеді.