[1] (Ән-күйдің жетекшісіне арналған Дәуіттің жыры.)
[2] Өзіңді паналаймын, уа, Жаратқан, Ұятқа қалдырмашы мені ешқашан, Сен әділсің, мені алып қалшы аман.
[3] Құлақ түріп маған, тез құтқара көрші, Бас сауғалар құз бен қорғаным бола көрші.
[4] Өйткені жартасым, берік қамалымсың, Жетелеп бастай гөр ізгілігің үшін,
[5] Шығаршы мені жау құпия құрған тордан, Себебі Сен берік қорғансың маған.
[6] Сенің қолыңа рухымды тапсырамын. Уа, Ием, шынайы Құдай, Сен мені құтқардың.
[7] Жек көрем түк пайдасыз тәңірсымақтарды Әрі оларға табынған адамдарды, Ал Жаратқан Иеге нық сенемін,
[8] Қуанып, шаттанамын рақымыңа Сенің, Сен байқадың мүшкіл халімді менің, Жанымның азабына көңіліңді бөлдің.
[9] Сен мені қалдырмадың жаудың қолына, Қайта, мені тұрғыздың ашық орынға.
[10] Рақым ете гөр, қиналып тұрмын, Уа, Ием, күйіктен солды жанарым, Зор қасіреттен әлсіреді жан-тәнім.
[11] Ғұмыр жасым қайғыдан қысқаруда, Күңіреніп өмірім таусылуда, Күнәма бола күш-қуатым қайтуда, Сүйектерімнің күші кетіп қуаруда.
[12] Көршілеріме жек көрініштімін, Таныстарыма да қорқыныштымын, Мені көре қалса қашады далада, Осындай болдым жауларыма бола.
[13] Өлгендей-ақ олар мені ұмытқан, Ұқсаймын қыш ыдысқа сынып қалған.
[14] Көп естимін өзім жайлы өсек-аяң, Қауіп төніп тұр басыма жан-жақтан, Жауларым маған қарсы сөз байласуда, Жанымды алуға жоспар құруда.
[15] Ал мен Өзіңе сенемін, уа, Жаратқан, «Сен менің Құдайымсың» деймін Саған.
[16] Өмірім Сенің қолыңда, я, Жаратқан, Құтқара гөр қуғындаған жауларымнан.
[17] Бет-жүзіңнің нұрын маған түсіре гөр, Мейіріміңе сай мені құтқара гөр.
[18] Мені ұятқа қалдырма, уа, Жаратқан, Себебі жалбарынып жүрмін Саған. Зымияндар масқараланатын болсын, Үндері өшіп, олар қабірге қойылсын,
[19] Қарысып қалсын ауыздары жалған, Менмен паңдықпен әділді жамандаған.
[20] Уа, Ием, қандай мол Сенің ізгілігің: Өзіңді қастерлеп, паналайтындар үшін Соны сақтап, жұрт алдында сыйлайсың.
[21] Сен пана болып әділді қорғайсың, Өз саяңда аман-есен сақтайсың Адамдардың астыртын әрекетінен Әрі ұрсып айыптайтын тілдерінен.
[22] Маған мейірімін көрсеткені үшін, Қоршалған қалада қорғағаны үшін Жаратқан Ие әрдайым мадақталсын!
[23] Қорқыныштан былай деп уайымдадым: «Сірә, Сенің назарыңнан тыс қалдым!» Бірақ Сен жалынған даусыма құлақ түрдің, Сиынған мінажатыма жауап бердің.
[24] Жаратқанды сүйіңдер, бар әділдері, Иеміз аман сақтайды адал пенделерді, Ал молынан жазалайды менмендерді.
[25] Жаратқанға сенім артқандардың бәрі, Қайратқа кенеліп, батыл болыңдар енді!